Өндіріске қажетті кадрлар: Ақтөбеде бизнес пен университет күш біріктіреді
Ақтөбеде осы форматтағы алғашқы жоба бастау алды. «ПО «Глобал Спецодежда» ЖШС, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті және Кәсіпкерлер палатасы сұранысқа ие мамандарды даярлау, оларды жұмысқа орналастыру және өңірде орнықтыру бағытында күш біріктірді. Жобаны Палатаның Өңірлік кеңесінің мүшесі, Индустрия салалық кеңесінің төрағасы, Батыс Қазақстандағы ірі тігін кәсіпорнының басшысы Надежда Шабаева бастамашылық етті.
Үшжақты меморандум өндірістің нақты қажеттіліктері мен мамандарды даярлау жүйесін өзара байланыстыруға бағытталған. Кәсіпорын үшін бұл - кадрлық резерв қалыптастыруға, студенттерді нақты өндіріс үдерісімен таныстыруға және болашақ қызметкерлерді жұмыс берушінің нақты талаптарына сай даярлауға мүмкіндік береді.
Ал студенттер үшін бұл - тәжірибеден өтуге, заманауи өндірістік үдерістерді түсінуге және оқуын аяқтағаннан кейін кәсіпорынға қажетті дағдыларды меңгерген маман ретінде жұмысқа орналасуға жол ашады.
«Менің бастамам тек кадр тапшылығы мәселесін шешуге бағытталмаған. Жас мамандардың өңірде және елімізде қалып, кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік бар екенін сезінуі маңызды. Сондықтан бизнес мамандарды даярлау үдерісіне олардың оқу кезінде-ақ қатысуы керек. Сонымен қатар өндірісті жаңғыртып, инновацияларды, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуіміз қажет. Ал дәл осы жас мамандар алдағы уақытта кәсіпорындардағы технологиялық өзгерістердің қозғаушы күші болуы тиіс. Осылайша біз екі міндетті қатар шешеміз: кадр даярлаймыз және заманауи өндірістің негізін қалыптастырамыз», - деп атап өтті Надежда Шабаева.

Ынтымақтастық тек кадр даярлаумен шектелмейді. Университеттің ғылыми және инженерлік әлеуетін нақты өндірістік міндеттерді шешуге, инновациялық жобалар мен жаңа технологияларды әзірлеп, енгізуге пайдалану жоспарлануда. Тараптар сондай-ақ бірлескен сараптамалық іс-шаралар өткізуді, инвестициялар мен бірлесіп қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыруды көздеп отыр.
«Бастаманың тікелей бизнестен шығуы маңызды. Надежда Шабаева кадр тапшылығы мәселесін ғана көтеріп қоймай, кәсіпорын мен университеттің өзара іс-қимылы арқылы оны шешудің нақты тетігін ұсынды. Палата мұндай жобаларды қолдауға және осы тәжірибені кеңейтуге ықпал етуге дайын», - деді Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.
Меморандумға «Глобал Спецодежда» ЖШС директоры Надежда Шабаева, Қ. Жұбанов атындағы АРУ Басқарма мүшесі, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров және Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов қол қойды.
Жоба кадр даярлау, түлектерді жұмысқа орналастыру және кәсіпорындардың технологиялық дамуын бір арнаға тоғыстырады. Негізгі мақсат - жастардың сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, алған білімін Қазақстанда жүзеге асыруына мүмкіндік жасау. Алдағы уақытта жобаны ауқымын кеңейту жоспарлануда.

