Жылыой ауданында 52 тәлімгер Тәлімгерлер мектебі аясында оқудан өтті

23.09.2026
Жылыой ауданында 52 тәлімгер Тәлімгерлер мектебі аясында оқудан өтті

Атырау облысының Жылыой ауданында дуалды білім беру жүйесі бойынша кадр даярлауға қатысатын кәсіпорындар, колледждер мен ұйымдардың мамандарына арналған екі күндік оқыту өтті.

«Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау» тақырыбындағы оқыту Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Тәлімгерлер мектебі аясында ұйымдастырылды.

16 академиялық сағатқа есептелген курс өндірісте студенттерді оқытуға және сүйемелдеуге тікелей қатысатын мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған. Оқу қорытындысы бойынша 52 қатысушы сертификат алды.

Екі күн ішінде тыңдаушылар жұмыс орнында оқытуды ұйымдастырудың практикалық құралдарын, өндірістік оқытудың ерекшеліктерін және жас мамандарға кәсіби дағдыларды тиімді жеткізу тәсілдерін меңгерді. Сондай-ақ дуальды оқытудың нормативтік-құқықтық негіздері, еңбек заңнамасының талаптары, тиісті нормативтік құжаттар және тәлімгердің кәсіби стандарттары бойынша тақырыптар қамтылды.

Изображение

Оқытуды Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы, тренер-мультипликатор Амангелді Иманов өткізді. Оның дуальды білім беру саласында он жылдан астам тәжірибесі бар. Биылдан бастап ол өңірде тәлімгерлерді даярлау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұған дейін Атырау облысының мамандарына арналған осындай курстарды «Атамекен» ҰКП орталық аппаратының тренерлері өткізген.

Изображение

Қатысушылар курс бағдарламасының практикалық бағыттылығын және алған білімдерін тікелей жұмыс барысында қолдану мүмкіндігін атап өтті.

«Оқыту өте жақсы өтті, кәсіби деңгейімізді арттыруға мүмкіндік береді. Алған білімімізді жұмыс барысында қолданамыз және бұл қызметіміздің сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдімін», — деді «Жасулан и Компания» компаниясының өкілі Әділбек Мұхтаров.

Амангелді Имановтың айтуынша, тәлімгерлік жүйесін дамыту жас мамандарды даярлау сапасын арттырумен қатар, кәсіпорындарда тиімді жұмыс ортасын қалыптастыру үшін де маңызды.

«Жұмыс орнында оқыту жүйесін сауатты ұйымдастыру мықты корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Тәлімгерлік ұжымдағы психологиялық ахуалды жақсартып, кәсіпорынның әлеуметтік жауапты жұмыс беруші ретіндегі имиджін нығайтады», — деп атап өтті тренер.

Тәлімгерлерді даярлау жұмыстары облыстың басқа да аудандарында жалғасады. Жыл соңына дейін өңірде дуальды білім беру жүйесін іске асыруға тартылған түрлі салалардағы кәсіпорындардың шамамен 100 маманын оқыту жоспарланып отыр.

Тәлімгерлерді жүйелі түрде даярлау кәсіпорындар мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайтып, болашақ мамандардың практикалық даярлығының сапасын арттыруға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.