«Атамекен» ҰКП көміртекті реттеудің тәуекелдері мен мүмкіндіктерін талқылады
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Экология комитетінің екінші отырысы өтті. Отырысты ашқан Комитет төрағасы Рүстем Қабжанов қатысушыларды күн тәртібіндегі экологиялық заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс барысымен, Париж келісімінің 6-бабы аясында көміртек инвестицияларын тарту тетіктерімен, сонымен қатар шығарындылар саудасы жүйесін жетілдіру жөніндегі мәселелерімен таныстырды.
Жиынға «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Мұратбек Маханов, Палатаның басқарушы директоры – Экология және тұрақты даму департаментінің директоры Әсел Ынтымақова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаментінің директоры Сәуле Сабиева, сондай-ақ Комитет мүшелері, салалық қауымдастықтар мен ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Заңнамадағы өзгерістер
Атқарылған жұмыс туралы «ECOJER» қауымдастығының Экология департаментінің сарапшысы Толқын Мамырбаева баяндады. Ол 2026 жылғы 8 шілдедегі ҚР Заңының нәтижелері туралы айтып, онда нарық үшін маңызды бірқатар нормалардың бекітілгенін атап өтті.
Атап айтқанда, I санаттағы объектілерді пайдалану кезінде кешенді экологиялық рұқсаттың болуы міндетті болып белгіленді, ал мұндай объектілердің құрылысы әсер етуге арналған экологиялық рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар көмірсутектерді барлау жөніндегі қызмет жатқызылған объектілер санаты I санаттағы объектілер тізбесінен алынып, II санатқа жатқызылды.
Сондай-ақ құрамында асбест бар өнімдерді жіктеуге сараланған тәсіл енгізіліп, жер қойнауын пайдалану кезінде ілесіп алынған жерасты суларын төгу тетігі пысықталды. Аталған ұсынысқа бейінді министрліктер мен депутаттар корпусы қолдау білдірді.
Бұдан бөлек, қоғамдық тыңдаулар мен өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) жүйесіне қатысты жұмыс жалғасып жатқаны атап өтілді. Бұл мәселелер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталып, кейінгі заңнамалық бастамаларға енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Көміртек инвестициялары мен тетік мәселелері
Париж келісімінің 6-бабы аясында көміртек инвестицияларын тарту тетіктері бойынша өз ұстанымын «ECOJER» қауымдастығының атқарушы директоры Қуаныш Балтабаев білдірді. Ол екі негізгі мәселеге назар аударды. Біріншісі – 2030 жылға дейін халықаралық шығарындыларды қысқарту нәтижелерін (ITMO) берудің жиынтық лимиті бар болғаны 2,35 млн тонна CO₂-эквивалентін құрайды, яғни жылына шамамен 0,39 млн тонна. Бұл ретте бір ірі жобаның өзі қамтамасыз ететін қысқарту көлемі ұлттық деңгейде белгіленген бүкіл көлеммен шамалас болуы мүмкін. Екіншісі – жобалар нәтижелерінің 10-30%-ын ұлттық деңгейде айқындалған үлес (ҰДАҮ) пайдасына міндетті түрде резервте қалдыру талабы, бұл ретте резервтелген үлесті инвестор үшін ақшалай айналымға қосу тетігі көзделмеген.

Шығарындылармен сауда жүйесі бойынша қауымдастықтың атқарушы директоры қор биржасында квоталарды сату аукциондарын өткізудің практикалық тәртібі, өтелмеген көміртекті бірліктерді Ұлттық квота жоспарлары арасында ауыстыру тетігі, сондай-ақ көмірсутек шикізатын магистральдық тасымалдау операторларына қатысты квоталарды алып қою тетігін қолдану мәселелерін көтерді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің атынан Климаттық саясат департаментінің директоры Сәуле Сабиева сөз сөйледі. Ол Министрліктің бизнес-қоғамдастықпен одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін растап, Париж келісімінің 6-бабында көзделген тетікті жобаларды іске асыру үшін тартымды құрал ретінде атап өтті.
Отырысты қорытындылай келе, Экология комитетінің төрағасы Рүстем Қабжанов көміртекті реттеу жүйесін қалыптастыру кезінде Ұлттық палата бұдан әрі де бизнестің мүдделерін білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Палатаның негізгі міндеттерінің бірі – климаттық міндеттемелерді орындау барысында жобалардың инвестициялық тартымдылығының төмендеуіне жол бермеу. Сонымен қатар ол Комитеттің жұмыс жоспарын өзектендіруге және отырыс барысында көтерілмеген мәселелер бойынша ұсыныстарды қарауға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, жыл соңына дейін Экология комитетінің тағы екі отырысын өткізу жоспарланып отыр.