Тоқымадан қаптамаға дейін: Қанат Шарлапаев Түркістандағы өнеркәсіптік жобалармен танысты

18.09.2026
Тоқымадан қаптамаға дейін: Қанат Шарлапаев Түркістандағы өнеркәсіптік жобалармен танысты

TURAN АЭА аумағындағы төрт кәсіпорынға 9,4 млрд теңгеден астам инвестиция салынып, 1,2 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары өнеркәсіптік нысандарды аралаумен жалғасты.

Ұлттық палата басшысы TURAN арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан төрт жобаның барысымен танысты. Жобалар тоқыма өнеркәсібін, еден жабындарын, қаптама материалдарын және бір рет қолданылатын ыдыс өндірісін қамтиды.

Жобаларға тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 9,4 млрд теңгеден асады. Кәсіпорындар жобалық қуатына шыққаннан кейін 1,2 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

Изображение

«Qaz Natural Laminat» ЖШС құны 1,2 млрд теңгені құрайтын ламинатталған еден жабындарын өндіру жобасын іске асыруда. Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 100 мың шаршы метр өнімді құрайды. Жоба аясында 50 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Нысандағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, қазіргі уақытта әкімшілік блоктың құрылысы жүргізілуде. Өндірістік алаңға жабдықтың 90%-ы жеткізілді, монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Изображение

Ең ірі жобаны «KAZAKHSTAN LIHUA» ЖШС жүзеге асыруда. Компания төсек-орын жабдықтарын, төсеме маталарды және үйге арналған басқа да тоқыма өнімдерін шығаратын тігін фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 5 млрд теңге, өндірістік қуаты жылына 4 млн жиынтыққа дейін жетеді. Фабриканы орналастыру үшін АЭА аумағынан 42 гектар жер учаскесі бөлінген. Кәсіпорында 1 120 жұмыс орнын құру көзделген. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Изображение

 «QazEcoPack» ЖШС жабысқақ таспа, стрейч-пленка, полиэтилен және ауа-көпіршікті пленка өндіру жобасын жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі – 1,21 млрд теңге, 25 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, жабдық толық жеткізіліп, орнатылды. Қазіргі уақытта нысанда іске қосу-баптау жұмыстары басталды. Болашақта кәсіпорын полиэтилен пленкасының қалдықтарын қайта өңдеуді де жоспарлап отыр.

Изображение

Тағы бір жобаға «ER-QAN Group» ЖШС 2 млрд теңге инвестиция салмақ. Компания бір рет қолданылатын пластик ыдыстар мен полиэтилен пакеттерін өндіруді жоспарлап отыр. Жобаның мәлімделген өндірістік қуаты – жылына 200 тонна ыдыс және 400 тонна пакет. Кәсіпорында 30 жұмыс орнын құру көзделген.

Өнеркәсіптік алаңдарды аралау барысында Қанат Шарлапаев инвесторлармен жобаларды іске асыру мерзімдерін, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, кадр мәселелерін, сондай-ақ өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға шығару жағдайларын талқылады.

Ұсынылған жобалар Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетінің біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Өңірдегі дәстүрлі аграрлық сектормен қатар импортты алмастыруға, жергілікті өндірісті дамытуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған жаңа өндірістер қалыптасуда.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыс әкімдігімен бірлесіп инвесторларды сүйемелдеу, жүйелі кедергілерді жою және жобаларды өндірістік қуатына шығару бағытындағы жұмысты жалғастыра бермек.