Түркістанда тауардың шығу тегін сертификаттау бойынша бірыңғай тәсілдер пысықталды

18.09.2026
 Түркістанда тауардың шығу тегін сертификаттау бойынша бірыңғай тәсілдер пысықталды

Түркістан облысында тауардың шығу тегін сертификаттауға уәкілетті тұлғаларға арналған оқу семинары өтті. Іс-шара аясында мамандар аттестаттаудан және қайта аттестаттаудан өтіп, сертификат беру рәсімдерінің өзекті талаптарын талқылады.

14-18 қыркүйек аралығында өткен семинарға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік палаталары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК), Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілдері қатысты.

Изображение

Қатысушылар тауардың шығу тегін айқындау, преференциялық және преференциялық емес сауда режимдері, еркін сауда туралы халықаралық келісімдер, тауар шығу тегін растайтын құжаттар және верификация рәсімдері бойынша білімдерін жетілдірді.

Сондай-ақ ЕАЭО аясындағы тауардың шығу тегін анықтау қағидалары, үшінші елдермен жасалған еркін сауда келісімдері және тауардың шығу тегін айқындаудың жаңа жүйесі қаралды. Бұдан бөлек, сертификаттау қызметін ұйымдастыру және Service Desk жұмыс тәжірибесі таныстырылды.

Изображение

Сертификаттау – экспортты қолдаудың маңызды тетігі

Семинардың қорытынды күніне «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев қатысып, сертификаттау саласындағы мамандардың отандық бизнесті және экспорттық әлеуетті қолдаудағы рөлін атап өтті.

«Тауардың шығу тегін растайтын әрбір сертификаттың артында маманның жауапкершілігі мен қазақстандық өндірушіге деген сенім тұр. Сондықтан сертификаттау рәсімдерінде бірыңғай кәсіби тәсілдерді қалыптастыру және заңнама талаптарын сапалы қолдану маңызды», – деді Қанат Шарлапаев.

Изображение

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Калигазин заңнамадағы өзгерістер жағдайында сертификаттауға бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

«Кәсіби біліктілігі жоғары уәкілетті тұлғалар – отандық экспортты қолдау жүйесінің маңызды бөлігі. Кәсіпкер үшін талаптардың түсінікті, ашық әрі біркелкі болуы қажет. Сондықтан мамандардың біліктілігін арттыру экспорттық әлеуетті дамытуға тікелей ықпал етеді», – деп атап өтті Аслан Калигазин.

Изображение

Іс-шара соңында тауардың шығу тегін сертификаттауға уәкілетті тұлғаларға құрмет грамоталары, алғыс хаттар мен аттестаттар табысталды.

Семинар мамандардың кәсіби білімін жетілдіруге, тәжірибе алмасуға және тауардың шығу тегін сертификаттау бойынша бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік берді.