BusinessGO өңірлерге жол тартты: кәсіпкерлерге бірыңғай цифрлық экожүйе таныстырылды
Шымкент пен Түркістанның 200-ге жуық кәсіпкері BusinessGO платформасының мүмкіндіктерімен танысып, оны одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын білдірді.
Шымкент пен Түркістан қалаларында шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған бірыңғай цифрлық платформа – BusinessGO жүйесін дамытуға арналған жұмыс кездесулері өтті. Кездесулерге 200-ге жуық кәсіпкер, бизнес-блогер және қоғамдық пікір жетекшілері қатысты.
Бұған дейін BusinessGO платформасының таныстырылымдары Алматы мен Астана қалаларында да өтіп, онда бизнес-қоғамдастықтың 70-тен астам өкілі жобаның мүмкіндіктерімен танысты. Осылайша, жоба бүгінде еліміздің төрт ірі іскерлік орталығында таныстырылып, кәсіпкерлердің кері байланысы платформаны одан әрі жетілдіру кезінде бизнестің нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік беріп отыр.
Кездесулердің негізгі спикері – «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі, Аппарат басшысы Нұрбек Нәлқожа. Ол BusinessGO платформасының басты мақсаты – кәсіпкерге қажет цифрлық құралдарды бір жеке кабинетке біріктіріп, күнделікті бизнес-процестерді барынша қарапайым, жылдам әрі қолжетімді ету екенін атап өтті.

«Бүгінде жылдам әрі жүйелі әрекет ететін бизнес алда келеді. BusinessGO әкімшілік жүктемені азайтуға, әртүрлі цифрлық шешімдерге кететін шығындарды қысқартуға және кәсіпкерге жұмыс істеуге ыңғайлы бірыңғай цифрлық кеңістік ұсынуға мүмкіндік береді», – деді Нұрбек Нәлқожа.
Платформада AOFD фискалдық деректер операторының сервисі, GreenKassa онлайн-кассасы, GreenMag тауарлық есеп жүйесі, Amian маркетингтік бағдарламасы, «Салық төлеушінің паспорты» және басқа да құралдар біріктірілген.
Олардың көмегімен кәсіпкер төлемдерді заң талаптарына сәйкес жүргізіп, тауарлардың түсімі мен қалдығын бақылауға, сатылымдарды талдауға, клиенттерге арналған адалдық бағдарламаларын іске қосуға, сондай-ақ өз тауарлары мен қызметтерін ілгерілетуге мүмкіндік алады.
Платформаның негізгі қағидаттарының бірі – икемділік. Кәсіпкер алдымен өзіне ең қажетті сервистерді таңдап, кейін бизнес қажеттілігіне қарай қосымша құралдарды қоса алады. Ақылы қызметтер пакетінің құны – 12 айға 15 мың теңге.

BusinessGO платформасының мүмкіндіктері, оған қосылу тәртібі және сервистерді пайдаланудың практикалық тиімділігі туралы жоба үйлестірушісі Шынболат Құрмашев айтып берді.



Кездесулердің маңызды бөлігі ашық диалог форматында өтті. Кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, платформаны пайдалану тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ оны жетілдіру мен ілгерілету бойынша ұсыныстарын білдірді.


Нұрбек Нәлқожаның айтуынша, жобаны дамытудың қазіргі кезеңінде мұндай кері байланыстың маңызы зор.

Кәсіпкерлер күнделікті жұмыста нақты бизнес міндеттерімен бетпе-бет келетіндіктен, нарыққа қандай цифрлық шешімдер қажет екенін жақсы біледі.
«Қазір BusinessGO суперқосымшасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол одан да көп сервисті бір жүйеге біріктіріп, кәсіпкерлердің күнделікті жұмысын барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді. Сондықтан дәл осы кезеңде бизнестің ұсыныстары мен практикалық тәжірибесі біз үшін аса құнды», – деп атап өтті ҰКП Аппарат басшысы.