Түркістанда «MADE IN TURKISTAN: EXPORT 2026» өңірлік экспорттық кеңесі өтті
Түркістан қаласында отандық өндірушілердің өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілетуге, өткізу арналарын кеңейтуге және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған «MADE IN TURKISTAN: EXPORT 2026» өңірлік экспорттық кеңесі өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ұлттық компаниялар мен сауда алаңдарының өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысының кәсіпкерлері қатысты. Кездесу барысында өңірлік бизнестің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық өнімнің өткізілуін кеңейту және кәсіпорындардың экспортқа шығуына қажетті жағдайлар жасау мәселелері қаралды.
Жиынның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек сөз сөйлеп, өңір кәсіпкерлігін дамыту және өндірістік әлеуетті тиімді пайдалану бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Кеңес барысында «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Аслан Калигазин Түркістан облысы өндірушілерінің өткізу арналарын кеңейту және экспорттық ілгерілетудің практикалық тетіктеріне тоқталып, осы бағытта Ұлттық палата тарапынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Ол отандық өндіруші үшін бүгінгі таңда сапалы өнім шығару ғана жеткіліксіз екенін атап өтті. Кәсіпкер үшін өнімді нарыққа тиімді шығару, тұрақты өткізу арнасын қалыптастыру, жеткізу көлемін қамтамасыз ету, логистиканы жолға қою және жаңа нарықтардың талаптарына бейімделу маңызды.
«Бүгінгі таңда отандық өндіруші үшін сапалы өнім шығару ғана жеткіліксіз. Өнімнің нарықтағы танымалдығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрақты жеткізілімді жолға қою, заманауи қаптама, тиімді логистика және сауда серіктестерінің талаптарына сәйкестік маңызды. Сондықтан біз өндірушіні ішкі нарықтағы өткізу арналарынан бастап тұрақты экспортқа дейін жеткізетін нақты әрі біртұтас маршрут қалыптастыруға басымдық береміз», – деді Аслан Калигазин.

Оның айтуынша, сауда желілері мен электрондық коммерция алаңдарына шығу кәсіпорын үшін соңғы мақсат емес. Бұл – тұтынушыға жол ашып, нарықтағы сұранысты бағалауға, өндірісті кеңейтуге және келесі кезеңде сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Кеңестің келесі бөлімі қазақстандық өнімдерді ірі сауда желілері мен электрондық коммерция алаңдары арқылы өткізу мүмкіндіктеріне арналды. Magnum E-commerce, «Скиф Трейд» ЖШС (SMALL) және Wildberries өкілдері кәсіпкерлерге өздерінің сауда платформалары мен өткізу арналарына шығу мүмкіндіктерін таныстырды.
Атап айтқанда, отандық өндірушілер үшін электрондық сауда алаңдарына шығу, тұтынушыға тікелей қол жеткізу және сатылым көлемін ұлғайту мәселелері қозғалды.
Кеңестің қорытынды бөлімінде кәсіпкерлердің ұсыныстары мен проблемалық мәселелері талқыланды. Өңір экспорттаушылары тарапынан шекаралық өткізу пункттеріндегі рәсімдерді жеделдету, жылдам бұзылатын өнімдерді тасымалдайтын рефрижераторлық көліктерге басымдық беру, электрондық кезек тетіктерін жетілдіру, экспорттық тәуекелдерді сақтандыру және шетелдік нарықтарға шығуды қаржылық әрі сервистік қолдау мәселелері көтерілді.

Кәсіпкерлердің сұрақтарына Қазақстанның Даму Банкі, QazTrade, «KazakhExport», «ҚазСтандарт» және QazIndustry өкілдері жауап беріп, қолданыстағы қолдау құралдары мен оларды пайдалану тәртібін түсіндірді.
Түркістан облысы үшін кәсіпорындарды экспортқа дайындаудың нақты алгоритмін қалыптастыру ұсынылды. Оның ішінде экспорттық әлеуеті бар кәсіпорындардың пулын анықтау, олардың өнімін, өндірістік қуатын және мақсатты нарықтарын бағалау, тиімді өткізу арнасын таңдау, қажетті қолдау құралдарын іріктеу және кәсіпорынды сыртқы нарыққа шыққанға дейін сүйемелдеу көзделеді.
«Атамекен» ҰКП тарапынан осы бағытта бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп «Қазақстанда жасалған» брендімен отандық өнімдерді қолдау және ілгерілету жөніндегі кешенді бағдарлама жобасы әзірленген. Жоба ішкі нарыққа шығу, өнім сапасын стандарттау, ұлттық брендті ілгерілету және экспортты қолдау бағыттарын қамтиды.
Сонымен қатар импорт үшін маңызды тауарлар, шикізат пен жиынтықтауыштарға талдау жүргізіліп, оларды жергілікті жерде өндіру мүмкіндіктері қарастырылуда. Отандық өнім экспортына кедергі келтіретін талаптар мен шектеулерді қайта қарау, сондай-ақ маркетплейстер мен логистикалық серіктестер арқылы жаңа өткізу арналарын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Аслан Калигазиннің айтуынша, басты міндет – кәсіпкер үшін қолдау шараларын жекелеген әрі бір-бірінен бөлек құралдар ретінде емес, нақты нәтижеге жеткізетін бірыңғай жүйе ретінде қалыптастыру.
Бұл ретте «ҚазСтандарт» өнімнің стандарттар мен белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етсе, QazTrade экспорттық өнімдерді ілгерілетуге және перспективалы нарықтарды анықтауға бағытталған қолдау көрсетеді. «KazakhExport» экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттық тәуекелдерді сақтандыру құралдарын ұсынады, ал Қазақстанның Даму Банкі ірі инвестициялық және экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыруға қатысады.
Ал «Атамекен» ҰКП-ның міндеті – кәсіпкерді қажетті қолдау құралдарымен, өткізу арналарымен және сыртқы нарықтармен байланыстырып, осы процесті сүйемелдеу. Негізгі нәтиже ретінде консультациялар мен кездесулердің саны емес, нақты жеткізу шарттары мен экспорттық келісімшарттар қарастырылуы тиіс.
Іс-шара барысында Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қайрат Шонбасов, Қазақстанның Даму Банкі АҚ басқарушы директоры Нұрлан Қожағұлов, «KazakhExport» ЭКА АҚ басқарушы директоры Елена Абилова, QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы АҚ Бас директорының орынбасары Әли Умаров, сондай-ақ QazIndustry және «ҚазСтандарт» өкілдері өз бағыттары бойынша баяндама жасады.