Қарағанды облысында бақылау және қадағалау органдары бизнес өкілдері алдында есеп берді

24.09.2026
Қарағанды облысында бақылау және қадағалау органдары бизнес өкілдері алдында есеп берді

Қарағанды облысында бақылау және қадағалау органдарының кәсіпкерлер алдындағы Бірыңғай есеп беру күні өтті. Кездесу Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында ұйымдастырылды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев жүргізді.

Жиынға мемлекеттік және бақылау-қадағалау органдарының, Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Кездесуде 2026 жылдың сегіз айындағы бақылау жұмыстарының қорытындылары, жиі кездесетін заң бұзушылықтар, заңнамадағы өзгерістер, сондай-ақ олардың алдын алу және жою мәселелері талқыланды.

Салық саласы кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жүргізілген тексерулердің нәтижелері, әкімшілік практика және салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат берді.

Жер қатынастары саласындағы жағдайды Жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері таныстырды. Сегіз айда 273 мың гектардан астам аумақта 288 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде жер заңнамасының 165 бұзушылығы анықталды. 92 бұзушылық бойынша жалпы сомасы 11,7 млн теңге болатын айыппұл салынды. Кәсіпкерлерге жер учаскелерін нысаналы мақсатына сай пайдаланбау және игермеуге байланысты бұзушылықтарды жою тәртібі түсіндірілді.

Қауіпсіздік мәселелері де күн тәртібінде болды. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы бақылау жұмыстарының нәтижелерін ұсынып, анықталған негізгі бұзушылықтарға тоқталды.

Санитариялық-эпидемиологиялық, медициналық және фармацевтикалық бақылау мәселелеріне де жеке назар аударылды. Кәсіпкерлерге объектіге бармай жүргізілетін профилактикалық бақылау, бақылау рәсімдерін цифрландыру, сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық қызметке қойылатын талаптар түсіндірілді.

Еңбек заңнамасының сақталуы, еңбек қауіпсіздігі және жұмыс берушілердің жауапкершілігі жөнінде еңбек инспекциясының өкілдері баяндады.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда субъектілеріне қойылатын талаптарға тоқталды. 20 қыркүйектегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15 пайыздық сауда үстемесінің шектен асуының 115 фактісі анықталған. 176 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 4,7 млн теңге айыппұл салынған. Сегіз ай ішінде департаментке тұтынушылардан 2 328 өтініш түскен, оның мыңнан астамы қанағаттандырылған.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және бизнеске қатысты жүйелі мәселелер бойынша Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының атқарған жұмысы да таныстырылды. Палата директоры Ернар Күлпейісов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар мен бизнестің өзекті мәселелеріне тоқталды.

Палата мәліметінше, жоспардан тыс тексерулердің басым бөлігі еңбек заңнамасы, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, жер қатынастары, сауда және өрт қауіпсіздігі салаларына тиесілі.

Кәсіпкерлер үшін мемлекеттік бақылаудың болуы емес, оның заңды, негізді және болжамды жүргізілуі маңызды. Осыған байланысты бұзушылықтардың алдын алу және кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды алдын ала түсіндіру жұмыстарына басымдық беру қажеттігі атап өтілді.

Жиынның маңызды бөлігі кәсіпкерлермен тікелей диалогқа арналды. Бизнес өкілдері мемлекеттік органдардың басшылары мен мамандарына сұрақтарын қойып, тексеру барысында туындайтын мәселелерді көтерді және қолданыстағы талаптар бойынша түсініктеме алды.

Сондай-ақ бұзушылық анықталған жағдайда кәсіпкердің қандай әрекет жасауы керектігі, оны қандай мерзімде және қалай жою қажет екені талқыланды. Мұндай практикалық формат кәсіпкерлердің талаптарды дұрыс түсінуіне және бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Бірыңғай есеп беру күні жыл сайын қыркүйек айының соңғы бейсенбісінде өткізіледі. Оның мақсаты – мемлекеттік бақылау және қадағалау жұмыстарының нәтижелерін талқылау, бұзушылықтардың алдын алу және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру.

Кездесу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болады.