Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық тауарлар каталогымен жұмыс істеу мәселелері талқыланды
Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) қолданудағы түйткілді мәселелерге арналған Сауда кеңесінің отырысы өтті.
Жиынға жергілікті бизнес өкілдері, Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары мен шақырылған сарапшылар қатысты. Үй жанындағы шағын дүкен иелері салық заңнамасындағы жаңа талаптардың күнделікті жұмысқа қалай әсер етіп жатқанын, әсіресе персоналға түсетін салмақтың артқанын кезекті рет тілге тиек етті.
Кәсіпкерлердің айтуынша, ҰТК порталында тауар карточкаларын құру, олардың ұзақ өңделуі, толтырылып қойған нөмірлердің жиі деактивациялануы және электронды шот-фактураларды (ЭШФ) жіберу кезіндегі жүйелік ақаулар көп уақытты алып, жұмыс ырғағын бұзады. Жаңашылдықтарды меңгеру үшін олар тек бухгалтерлерді емес, операциялық менеджерлерді де тартып жатыр.
Сонымен қатар сауда саласының өкілдері ҰТК енгізілгенге дейін сатып алынған тауар қалдықтары, қағаз чектерде тауар атауы мен DataMatrix кодтарын басып шығару талаптары және кейде мыңдаған позицияға дейін жететін ауқымды номенклатуралық базаны қолдан енгізу қажеттілігі төңірегінде сұрақтар қойды.
Салалық кеңес мүшелерімен өз тәжірибесін бөлісіп, туындаған мәселелерді шешу жолдарын ұсынған шақырылған сарапшы — «Эдванс бухгалтерлік фирмасы» ЖШС басшысы Юлия Максаймер болды.

«Басты мәселе — кәсіпкерлер NTIN кодын чекке жай ғана енгізу керек деп ойлайды. Бұл процестің түпкі мақсаты — тауарды қайдан және кімнен алғаныңызды, яғни бүкіл шынжырды бақылау екенін салық төлеушілер түсінуі тиіс. Әрине, егер компанияда автомататтандыру болмаса, үлкен ассортиментпен мұндай есепті қолдан жүргізу мүмкін емес. Дегенмен шешімі бар. Біздің компания 1С бағдарламасымен жұмыс істейді, сондықтан мен өз клиенттерімізбен бұл мәселені қалай шешіп жатқанымызды айтайын. Бұған қоса, 1С бағдарламасы ҰТК-де NTIN өзгерген кездегі барлық сәттерді бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, сіз тауар сатып алдыңыз және ЭШФ бойынша бір NTIN келді, бірақ кейін ол өзгерді делік. Егер белгілі бір функционал қосылып тұрса, 1С бағдарламасы оны өзі жаңартып алады», — деп атап өтті Юлия Максаймер.
Өз кезегінде Сауда кеңесінің төрағасы Алексей Писаренко базарлардағы шағын нүктелерде сауда жасайтын кәсіпкерлердің қаупін білдірді.
«Ал оңайлатылған режимде жұмыс істейтін, сомалық есеп жүргізетін адамдар қалай жұмыс істемек? Базарлардағы көпшілікте күрделі функционалы жоқ кассалық аппараттар тұр және олардың көбі үшін бұл әлі де түсініксіз дүние», — деді Алексей Писаренко.
Сарапшылар мен мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері чекті нақты ассортиментті, тауар санын және бірлік бағасын көрсету талабы заңнамалық деңгейде бірнеше жылдан бері қолданылып келе жатқанын, ал 2026 жылдан бастап атауға NTIN міндетті түрде таңылғанын еске салды.
«Сіздер қазір әлі де сомалық есеп жүргізіп отырған кәсіпкерлер туралы айтып отырсыздар. Демек, олар заңды сонша жылдан бері бұзып келеді деген сөз, өйткені чектерде тауардың атауы, саны мен бірлік бағасының болуы туралы талап 2020 жылдан бастап бар. Чекті жай ғана 150 теңге немесе 200 теңге деп сатып алу сомасына жазып бере салуға болмайды. Біздің клиенттердің арасында да оңайлатылған режимде жұмыс істейтіндер бар. Оларда да бұрын ешқандай автоматтандыру болмаған, бірақ олар компьютер сатып алып, бағдарламалық қамтамасыз етуді орнатты. Яғни, бір рет қаржы жұмсап, қазір толыққанды есеп жүргізіп отыр. Қиындықтардың бар екенін түсінемін, дегенмен бұл мәселені тек автоматтандыру арқылы шешуге болады», — деп түйіндеді Юлия Максаймер.
Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері бүгінде бақылау-кассалық машиналардың (БКМ) ескірген нұсқаларын пайдалану немесе бүкіл ассортиментке бір NTIN кодын таңу әрекеттері ертең үлкен айыппұлдарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертті.
Фармацевтика саласының өкілдері қағаз жүзіндегі ҰТК атауына қатысты мәселені көтерді.
«19 қыркүйекте чектердің жаңа форматы туралы жаңа бұйрық күшіне енді, онда чекке NTIN коды мен Ұлттық каталогтағы атауды міндетті түрде енгізу бекітілді. Бірақ мәселе мынада: бізде, фармацевтикада, атаулар өте ұзын, кейде 250 таңбадан асады. Егер оларды қағаз чекке ҰТК-дегідей шығарсақ, сатып алушы үшін ол оқылмайтын әрі тым үлкен болып кетеді», — деді «Экология және медицина» ЖШС бағдарламашысы Виктор Бегунов.
«Эдванс бухгалтерлік фирмасы» ЖШС-нің іс-тәжірибесіне сүйенсек, олар электронды фискалдық чекке (ФДО) дұрыс NTIN/GTIN, таңбалау және басқа да реквизиттері бар толық деректер пакетін енгізеді, ал қағаз чекке — сатып алушыға түсінікті қысқаша атауды, сондай-ақ бағасы, саны, түпкілікті сомасы және тауардың дұрыс идентификациясы сияқты міндетті деректерді шығарады.
«Бір рет қаржы бөліп, сатушыны тауарды кіріске қоюға үйрету қажет. Егер 1С бағдарламасында жұмыс істесе, барлық NTIN өздігінен жаңартылып отырады. 1С пен штрихкод сканерлерін сауатты баптаған жағдайда, көптеген процестер автоматты түрде жолға қойылады», — деді Юлия Максаймер.
Техникалық ақауларға қатысты, сондай-ақ әзірлеушілерден егжей-тегжейлі түсініктемені талап ететін мәселелерді орталық деңгейде шешу үшін СҚО Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» ҰКП-ға жолдайтын болады.