СҚО Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің 180 млн теңгеден астам мүлкін қорғап қалды
Петропавл «Атамекені» Бақылау және қадағалау органдарының Бірыңғай есеп беру күнінде 2026 жылдың 9 айында кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысында бизнес-қоғамдастықтың өңірдегі бақылау-қадағалау органдарының өкілдерімен дәстүрлі жылдық кездесуі өтті. Жиынға қатысушыларға тексеру қызметінің нәтижелері мен бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту шаралары таныстырылды. Жиынға СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев модераторлық етті.
«2026 жылдың басынан бері тексеру тағайындау туралы 2 312 акт тіркелді, оның 756-сы — кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты. Тіркелген тексерулердің жалпы санындағы бизнестің үлесі 32,6%-ды құрады. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексеру түрлері бойынша: талаптарға сәйкестігін тексеру — 18, жоспардан тыс — 418 және өзге де тексерулер — 320. Келтірілген деректерге сүйенсек, жеке кәсіпкерлікке қатысты тіркелген тексерулер динамикасы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға төмендегенін көрсетеді», — деп атап өтті Қанат Дүзелбаев.
Бірыңғай есеп беру күнінде СҚО Кәсіпкерлер палатасы да өз жұмысының негізгі көрсеткіштерін баяндады.
«Ағымдағы жылдың 9 айында СҚО Кәсіпкерлер палатасына 83 өтініш түсті, оның 41-і кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Есепті кезеңде түскен арыздармен жұмыс істеу нәтижесінде 180 миллион теңгеден астам соманың мүліктік құқығы қорғалды», — деді СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.
Түскен шағымдарды талдау көрсеткендей, көмекке ең жиі жүгінетіндер — аграршылар. Салалар бойынша өтініштер құрылымында ең үлкен үлес агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі — 33%, жұмыс және қызмет көрсету саласы — 22%, сауда және сыртқы экономикалық қызмет — 15%, ал өзге де салалар — 30%.
Заңбұзушылықтардың сипатына тоқталсақ, кәсіпкерлерде ең көп мәселе мемлекеттік сатып алу (18,5%), салық салу және бухгалтерлік есеп (18,5%), сондай-ақ субсидиялау (17%) салаларында туындайды. Қалған санаттарға өтініштердің 45%-ы тиесілі.
Өңірлік бизнесті қорғауда Палатаның басты әріптестерінің бірі — Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы. Ынтымақтастық екі негізгі бағыт бойынша құрылған: мобильді топтардың жұмысы және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу.
«Егер бизнесте түйткілді мәселелер туындаса или күмән тудырған жоспардан тыс тексерумен келсе, сіз прокуратура жанындағы мобильді топқа немесе тікелей Кәсіпкерлер палатасына жедел жүгіне аласыз», — деп ескертті Жеңіс Қазиев.
Кәсіпкерлер мен инвесторларға негізсіз әкімшілік қысым көрсетпеуге ерекше назар аударылған. Осы мақсатта «Атамекен» ҰКП базасында инвесторлардың шағымдарын нүктелі түрде қараумен айналысатын арнайы Инвестициялар жөніндегі департамент құрылды.
СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен (ЭТД) ынтымақтастық та нақты нәтиже беруде. Бірлескен жеке қабылдаулар мен түсіндіру кездесулері аясында кәсіпкерлердің 7 түйткілді мәселесі оң шешімін тапты. Бұдан бөлек, ЭТД алаңында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі өтті.
Бизнесті қорғау мәселелерінен бөлек, кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілеріне (НҚА) сараптамалық қорытындылар беру шеңберінде де жүйелі жұмыс жүргізеді.
«9 ай ішінде палата заңгерлері НҚА бойынша 102 сараптамалық қорытынды берді, оның 93-і ескертусіз қабылданып, 9-ы ескертулермен берілді», — деп сөзін жалғастырды СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.
Бизнес және Палата өкілдері өңірдегі 48 консультативтік-кеңесші органның (ККО) жұмысына белсенді қатысады. Олардың қатарында Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес, Облыстық жер комиссиясы, Экспорт жөніндегі өңірлік кеңес және Тариф белгілеу жөніндегі комиссия бар. Жалпы алғанда, ККО-ның 179 отырысында 292 өзекті мәселе қаралды.
Петропавл «Атамекені» қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі — бизнестің құқықтық сауаттылығын арттыру. Солтүстік Қазақстан облыстық сотымен, өңір судьяларымен және заңгерлер қауымдастығымен тығыз байланыста қаңтар-тамыз аралығында 8 оқыту вебинары өтті. Онда ӘӘПК-ті қолдану практикасы, мемлекеттік сатып алудың қыр-сыры, еңбек шарттарының АҚҚ (ГПХ) шарттарынан айырмашылығы, сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдану және жеке тұлғалардың банкроттығы процедуралары талқыланды.
СҚО Кәсіпкерлер палатасы директоры орынбасарының айтуынша, солтүстікқазақстандық бизнестің алдынан шығатын кедергілердің бір бөлігін тек жергілікті деңгейде шешу мүмкін емес. Осыған байланысты бүгінгі таңда Проблемалық мәселелердің республикалық тізілімінде өңірлік кәсіпкерлер палатасынан түскен 73 бастама бар, оның 14-і осы жылдың ішінде енгізілген. Олардың барлығы жалпыреспубликалық заңнамаға және заңға бағынысты актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді.
Тоғыз айдың қорытындысын саралай келе, палата өкілі тексерулер кезінде нақты кәсіпкерді қорғаудан бастап жүйелі кедергілерді республикалық деңгейге шығаруға дейінгі қалыптасқан жүйе өз тиімділігін дәлелдеп отырғанын және өңір бизнесіне қауіпсіз әрі қорғалған жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін баса айтты.