«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңнаманы қолдану тәжірибесін талқылады
Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңнаманы қолдану барысында туындайтын мәселелер қаралды.
2025 жылы күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды қолдану тәжірибесі тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде адал бәсекелестік қағидаттары әлі де толық қамтамасыз етілмейтінін, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс берушілер тарапынан шарттық міндеттемелерді орындамау жағдайлары кездесетінін көрсетіп отыр.
Мәселелердің бар екенін сот практикасы да көрсетуде. 2025 жылы соттар қараған мемлекеттік сатып алу саласындағы азаматтық істер саны 30%-ға өсті, олардың 22%-ында кәсіпкерлердің талаптары негізі бар деп танылды. Сатып алуды ұйымдастыру кезінде жиі кездесетін бұзушылықтардың қатарында өтінімдерді формальды негіздер бойынша қабылдамау, бәсекелестікті шектейтін талаптарды белгілеу, техникалық ерекшеліктерді дұрыс қалыптастырмау, сатып алу тәртібі мен мерзімдерін бұзу, бағалау өлшемшарттарын дұрыс қолданбау және әртүрлі тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың бір лотына негізсіз біріктіру бар.
Заңнама бұзушылықтарының кең таралғанын әкімшілік практика да растайды. Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін 3 мың әкімшілік іс қозғалып, 2 942 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 367,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Кеңес мұндай көрсеткіштер бақылауды күшейтумен қатар, ең алдымен құқық бұзушылықтарға әкелетін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған ұйымдастырушылық шараларды қабылдау қажеттігін көрсетеді деп санайды.
Бизнес үшін ең өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік органдардың орындалған жұмыстар мен жеткізілген тауарлар үшін төлемді уақтылы жүргізбеуі. Кәсіпкерлер шарт бойынша толық орындалып, ескертусіз қабылданған жұмыстар үшін төлемді айлап күтуге мәжбүр. Шағын және орта бизнес үшін бұл айналым қаражатының тоқтап қалуына, кредиттер бойынша төлем мерзімдерінің бұзылуына және қаржылық шығындардың өсуіне әкеледі.
«Секвестр және/немесе тиісті шотта қаражаттың жеткіліксіздігі жағдайында тапсырыс берушіні төлем мерзімдерін бұзғаны үшін жауапкершіліктен босататын үлгілік шарттың ережесі ерекше алаңдаушылық туғызады. Дәл осы норма мемлекеттік органның шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапсыз қалуына жағдай жасады», – деп атап өтті Кеңес мүшесі Айгүл Соловьева.

Кеңестің пікірінше, мұндай тәсілді қайта қарау қажет, өйткені мемлекеттің бюджеттік және ұйымдастырушылық тәуекелдері өз міндеттемелерін тиісінше орындаған адал кәсіпкерге автоматты түрде жүктелмеуге тиіс.
Шарттардың орындалуын қамтамасыз етуді уақтылы қайтармау мәселесі де сақталып отыр. Тек Алматы қаласында 2025–2026 жылдары прокурорлық ден қою нәтижесінде 2 мың кәсіпкердің құқығы қорғалып, оларға 198 млн теңгеден астам сомаға шарттың орындалуын қамтамасыз ету қаражаты қайтарылды. Кеңес мұндай фактілер уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды бақылау жүйесіндегі ұйымдастырушылық кемшіліктерді көрсетеді деп санайды.
Кәсіпкерлерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу тәжірибесін жетілдіру де ерекше назар аударуды талап етеді. Қолданыстағы нормалар жеңімпаздың шарт жасасудан бас тарту себептерін және кәсіпкерге байланысты емес өзге де мән-жайларды объективті түрде ескеруге мүмкіндік бермейді. Кеңес мұндай шешімдер қабылдау кезінде кінәні және бұзушылыққа әкелген объективті себептерді міндетті түрде бағалай отырып, жеке тәсілді қолдануды ұсынады.
Отырысқа қатысушылар квазимемлекеттік сектордағы сатып алудың ашықтығы мәселелерін де талқылады. «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу рәсімдеріне қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған сатып алу байқаушылары институты әзірге бұзушылықтарды жедел жоюға толық ықпал етіп отырған жоқ. Байқаушылар ұсынған бұзушылықтар туралы ақпарат әрдайым тиісті бағасын ала бермейді. Мұндай өтініштерді қарау рәсімдерінің болмауы сатып алу рәсімдерін бақылаудың тиімділігін төмендетіп, бизнестің Қордың сатып алу рәсімдеріне деген сенімін арттыруға ықпал етпейді.
Кеңес сатып алуды цифрландырудың өзі кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу тәуекелдерін автоматты түрде жоймайтынын атап өтті. Электрондық порталдың автоматтандырылған шешімдері, рейтингтік тетіктерді қолдану, шағымдану тәртібі, қатысушыларға қойылатын талаптарды қалыптастыру және тапсырыс берушілердің шарттық әрі рәсімдік міндеттерді сақтамағаны үшін жауапкершілігі мәселелер туғызуда. Цифрлық жүйе сатып алудың объективтілігі мен ашықтығын арттыруы тиіс және шешімді қайта қарау мүмкіндігінсіз автоматты түрде бас тарту тетігіне айналмауы қажет.
«Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру рәсімдердің жылдамдығы мен цифрландырылу деңгейімен ғана емес, ең алдымен жүйенің кәсіпкерді нақты қаншалықты қорғайтынымен, сатып алу рәсімдеріне қатысушыларға тең мүмкіндіктер беруімен және шарттық міндеттемелерді орындау кезінде мемлекеттік тапсырыс берушінің тәртібін арттыруымен бағалануға тиіс», – деп қорытындылады Қайырбек Сүлейменов.

Анықталған мәселелерді жою мақсатында Кеңес:
Қаржы министрлігіне – веб-порталдың автоматтандырылған шешімдеріне шағымдану тетіктерін жетілдіруді, орындалған шарттар бойынша төлемдердің уақтылы жүргізілуіне және қамтамасыз ету сомаларының қайтарылуына бақылауды күшейтуді, тапсырыс берушілердің тиісінше бюджеттік жоспарламауы мен ұйымдастырушылық бұзушылықтарының салдарын өнім берушілерге жүктеуге жол бермеуді, сондай-ақ кәсіпкерлерді жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу тәртібін олардың кінәсі мен объективті мән-жайларды ескере отырып қайта қарауды;
Бас прокуратураға – төлем мерзімдері мен қамтамасыз ету сомаларын қайтару талаптарының сақталуына қадағалауды күшейтуді, кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдауды және мемлекеттік тапсырыс берушілер жол берген бұзушылықтар үшін бизнесті жауапкершілікке тартуға жол бермеуді;
«Самұрық-Қазына» АҚ-ға – сатып алу байқаушыларының өтініштерін қарау тәртібін жетілдіруді, оларды мәні бойынша міндетті түрде қарауды және уәжді жауаптар беруді ұсынды.
Кеңес отырысының материалдары ақпарат үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына жолданды.
