БҚО-да «Бірыңғай есеп беру күні» өтті
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде өңірлік бизнес-қоғамдастық алдында бақылау-қадағалау органдарының «Бірыңғай есеп беру күні» өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй төрағалық етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұйымдастырылатын бұл дәстүрлі кездесуде кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту, артық тексерістерді қысқарту және бизнес құқықтарын қорғау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиында баяндама жасаған «Атамекен» ҰКП БҚО бойынша директоры Мақсат Құланбаев өңірдегі бизнес пен бақылаушы органдар арасындағы қатынастың негізгі тенденцияларына тоқталды. Оның айтуынша, тексерулердің жалпы саны 13,4 пайызға артып, 1185-ке жеткенімен, нәтижелі тексерулер 9,1 пайызға азайған. Бұл бизнестің талаптарды жақсырақ сақтай бастағанын және тексерулердің профилактикалық сипатқа ие бола бастағанын көрсетеді. Сонымен қатар, жазалау шараларының құрылымында оң өзгерістер байқалады: айыппұлдар саны 10,9 пайызға азайса, ескертулер саны 15,5 пайызға артқан. Әсіресе, салық органдары тарапынан айыппұлды азайтып, ескертуді қолдануды ұлғайтуы салықтық әкімшілендірудің репрессивтілігі бәсеңдегенінің айқын белгісі ретінде атап өтілді. Дегенмен, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, құрылыс және жол қауіпсіздігі салаларында айыппұлдардың көбейгені байқалады.
Мониторинг қорытындысы көрсеткендей, кәсіпкерлердің шағымдары 36,6 пайызға азайып, 246-дан 156-ға түскен. Бұл ретте Палата бизнесті қорғау желісі бойынша 91 өтінішті қарап, 143 миллион теңгеден астам мүліктік құқықты қорғап қалды. Мемлекеттік сатып алу саласындағы түйткілдерді шешу үшін келісім комиссияларының әлеуеті белсенді қолданылып келеді. Дегенмен, инвесторлар үшін негізгі кедергілер қатарында әлі күнге дейін жер мәселелері, инженерлік желілерге қосылу және субсидиялау мәселелері қалып отыр. Бұл бағыттағы әкімшілік кедергілерді жою мақсатында прокуратура жанындағы фронт-офиспен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Кездесу соңында қатысушылар туындаған өзекті сұрақтарды талқылап, бақылау-қадағалау органдары кәсіпкерлерді мазалаған сұрақтарға жауап берді. Мұндай ашық диалог форматы мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасындағы сенімді нығайтып, өңірде кәсіпкерліктің еркін әрі қолайлы дамуына үлкен үлес қосады.