«Атамекен» алаңында жаңа Салық кодексі аясындағы салықтық әкімшілендіру мәселелері талқыланды

28.09.2026
«Атамекен» алаңында жаңа Салық кодексі аясындағы салықтық әкімшілендіру мәселелері талқыланды

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерінің, өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен ҰКП құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – мемлекеттік органдар жаңа Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы жобасына енгізуді ұсынып отырған салықтық әкімшілендіру саласындағы жаңа нормаларды бизнес өкілдерімен талқылау.

Сондай-ақ жиында Қазақстан Республикасының Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсе қарауындағы бизнес ұсыныстары талқыланды. Жобалық кеңсе жұмысы кәсіпкерлердің өтініштерін жедел қарауға және салықтық әкімшілендіру тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Бизнес үшін өзекті болып отырған мәселелер қатарында:

  • оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын субъектілермен жасалатын B2B мәмілелері бойынша КТС-тан шегерімдерді сақтау;

  • платформалық жұмыспен қамту тетіктерін жетілдіру;

  • медицина саласында ҚҚС бойынша қолданыстағы жеңілдіктерді қолдану тәсілдерін сақтау;

  • банктік кепілдіктер мен факторингтік операццияларды ҚҚС-нан босатуды қарастыру;

  • ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде ҚҚС-ты қайтару тетігін жетілдіру.

Кеңес қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген ұсыныстар мен мәселелер жұмысқа алынды. Сонымен қатар тараптар Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен салықтық әкімшілендіруді күшейтуге бағытталған және салық төлеушілерге қойылатын жекелеген талаптарды қатаңдатуды көздейтін ұсыныстарды бірлесіп талқылауға уағдаласты.

Атап айтқанда, мына нормаларды талқылау ұсынылады:

  • электронды шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұру;  

  • интернет-ресурста және (немесе) интернет-платформада туар өткізуді тоқтата тұру;

  • ҚҚС асып кету сомаларының дұрыстығын растау үшін тақырыптық салықтық тексеру жүргізудің ерекшеліктерін белгілеу;

  • салықтық тексеру аяқталғаннан кейін оның актісі негізінде салық органының тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатқа түзету енгізуі;

  • тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды рәсімдеу міндеті қолданылатын тауарлар тізбесін әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын құжаттар қатарынан алып тастау;

  • салықтық тексеру тағайындаудың жаңа негізін енгізу – автоматтандырылған процесті қолданбай, Қазақстан Республикасының салық және өзге де заңнамасы талаптарының бұзылғанын анықтау;

  • жылжымалы ластау көздерін пайдаланатын ұйымдарға қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы төлеу міндетін қолдану.

«Бизнес үшін жаңа салықтық талаптарға көшу процесінің болжамды болғаны және заңнаманы қолдану барысында туындайтын мәселелердің жедел қаралуы маңызды. Біз кәсіпкерлердің пікірлерін жинауды және нақты ұсыныстарды тиісті алаңдарға шығаруды жалғастырамыз. Біздің міндетіміз – проблемалық нормаларды анықтап қана қоймай, мемлекеттік органдармен бірлесіп, бизнестің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін шешімдерді әзірлеу», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.

«Атамекен» кәсіпкерлерді ұсынылып отырған өзгерістерді талқылауға қатысып, салықтық әкімшілендірудің жаңа нормалары бойынша өз ұсыныстары, ескертулері мен практикалық мәселелерін жолдауға шақырады. Келіп түскен ұсыныстар жүйеленіп, ҰКП-ның мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен одан әрі өзара іс-қимылы аясында қаралады.