Тәжірибеден шеберлікке: ШҚО-да кәсіпорын тәлімгерлері оқытылды

28.09.2026
Тәжірибеден шеберлікке: ШҚО-да кәсіпорын тәлімгерлері оқытылды

Колледж түлегі кәсіпорынға жұмысқа келгенде нақты өндіріс, құрал-жабдықтар және жұмыс берушінің талаптарымен алдын ала таныс болуы үшін не істеу керек? Мұның негізгі тетіктерінің бірі – дуалды оқыту. Бұл жүйеде болашақ маманды даярлаудың едәуір бөлігі тәжірибелі тәлімгердің жетекшілігімен тікелей кәсіпорында өтеді.

Шығыс Қазақстан облысында колледж студенттерімен жұмыс істейтін кәсіпорын тәлімгерлерін оқыту аяқталды. Даярлықтан 24 маман өтті. Олардың қатарында «ҮМЗ» АҚ, «Қазцинк» ЖШС, «Согра ЖЭО» ЖШС және «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ өкілдері бар.

Оқытуды тренер-мультипликатор, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан өткізді.

Бағдарлама, ең алдымен, тәжірибелі өндіріс маманының өз жұмысын жақсы атқарып қана қоймай, кәсіби білімі мен тәжірибесін студентке дұрыс жеткізе білуіне бағытталған. Тәлімгерлер практикалық даярлықты ұйымдастыруды, өндірістік үдерістерді түсіндіруді, міндеттер қоюды және олардың орындалуын бақылауды, тәжірибеден өтушінің дағдыларын бағалауды, сондай-ақ оның нақты жұмыс жағдайына біртіндеп бейімделуіне көмектесуді үйренеді.

Бұл дуалды оқыту жүйесінде ерекше маңызды. Студент мамандықты тек колледждегі сабақ барысында және оқу шеберханасында ғана емес, тікелей өндіріс орнында да меңгереді. Мұнда ол құрал-жабдықтармен, технологиялық үдерістермен, қауіпсіздік талаптарымен танысады. Сонымен қатар еңбек тәртібін үйреніп, ұжыммен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтайды.

Кәсіпорын үшін мұндай жүйе болашақ кадрларды диплом алғанға дейін даярлауға қатысуға мүмкіндік береді. Жұмыс беруші студенттің қабілетін өндірістік тәжірибе кезінде көріп, оған нақты кәсіпорында қажет дағдыларды меңгеруге көмектесе алады. Ал кейін жұмысқа кәсіптің ерекшелігін білетін, алдын ала даярланған жас маманды қабылдауға мүмкіндік туады.

Дәл осындай жүйемен «ҮМЗ» АҚ шебері Алексей Ткаченко жұмыс істейді. Ол колледжбен ынтымақтастық орнатып, студенттерді іріктеуге қатысады, кейін өндірістік тәжірибе кезінде оларды даярлаумен айналысады.

«Студент тәжірибеде көбірек уақыт өткізген кезде, болашақта немен жұмыс істейтінін жақсы түсінеді. Құрал-жабдықтарды, өндірістік үдерісті көреді, нақты практикалық дағдыларды меңгереді. Оқуын аяқтап, жұмысқа орналасуға келгенде бәрін басынан бастаудың қажеті болмайды. Бұл жас маманның өзі үшін де оңай, ал кәсіпорын үшін жұмысқа дайын қызметкерді қабылдау тиімді», – деп атап өтті Алексей Ткаченко.

Оқыту қорытындысы бойынша 24 тәлімгердің барлығына сертификаттар табысталды. Даярлықтан өткен мамандар туралы ақпарат тиісті тәлімгерлер тізіліміне енгізіледі.

Сертификат кәсіпорын қызметкерінің дуалды оқыту аясында студенттермен жұмыс істеуге даяр екенін және олардың өндірістік тәжірибеден өтуіне кәсіби тұрғыда жетекшілік ете алатынын растайды.

Кәсіпорындар үшін мұндай тәлімгерлерді даярлау – болашақ маманды қалыптастыруға тікелей қатысу мүмкіндігі. Яғни студентке өндірісті ішінен көрсетуге, жинақталған тәжірибені беруге және оқу кезеңінің өзінде кәсіпорынның нақты қажеттіліктеріне сай кадр даярлауға жол ашады.