Мұғалжар кәсіпкерлеріне Ақтөбеге өндірістік тур ұйымдастырылады

28.09.2026
Мұғалжар кәсіпкерлеріне Ақтөбеге өндірістік тур ұйымдастырылады

Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйентаева мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтың Мұғалжар ауданына жұмыс сапары өтті. Қандыағаш қаласында олар бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесіп, аудан әкімі Дархан Ермағанбетовпен бизнестің дамуына тікелей әсер ететін мәселелерді талқылады. 

Палата жұмысында формалды кездесулерден гөрі кәсіпкерлердің нақты нысандары мен сұраныстарына басымдық беріледі. Мұғалжарда бұл - өнімді сертификаттау, өндірістік инфрақұрылым, мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділік, өнім өткізу және тәжірибе алмасу мәселелері. 

Алғашқы нысандардың бірі - 150 балаға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығы.

«Қазіргі ғимарат балаларға қолайлы жағдай жасау талаптарына толық сәйкес келе бермейді. Сондықтан орталық үшін басқа ғимарат анықталып, оны жөндеу қажет. Орталық көшкеннен кейін бұл ғимаратта 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бизнес-инкубатор ашуды ұсынып отырмыз. Ғимарат жаңа мақсатқа бейімделіп, мұнда азаматтар білім алып, кәсіпкерлік дағдыларын меңгеріп, өз жобаларын жүзеге асыра алады», - деді аудан әкімі Дархан Ермағанбетов. 

Кәсіпкерлер палатасы болашақ бизнес-инкубатор қатысушыларын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, кеңес беру және мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыру бағытында сүйемелдеуге дайын. 

Келесі нысан - өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға көмек көрсететін «Қамқор» орталығы. Мұнда психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіліп, жұмысқа орналасуға, кәсіптік бағдар алуға және оқуға қолдау беріледі. Сондай-ақ мемлекеттік гранттар мен басқа да қолдау шараларын алуға сүйемелдеу жүргізіледі. 

Сапар қорытындысы бойынша орталықтың қызмет алушыларын кәсіпкерлікке тарту жөнінде бірлескен жоспар әзірлеу туралы шешім қабылданды. Жоспар оқыту мен кеңес беруден бастап, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға дейінгі бағыттарды қамтиды. 

«Палата үшін адамға өз кәсібін ашу мүмкіндігі туралы айтып қана қою жеткіліксіз. Маңыздысы - оған идеядан, оқудан бастап, қолдау алып, жобасын іске қосқанға дейінгі жолдан өтуге көмектесу», - деді ӨКП директоры Дидар Боранқұлов. 

Изображение

Сапар барысында кәсіпкер Дәмет Сарымсақованың «Алтын сапа» тігін цехы да араланды. Көпбалалы отбасы өндірісті 2020 жылы бастаған. Бүгінде цехта 14 адам жұмыс істейді. Мұнда ұлттық нақыштағы бұйымдар заманауи дизайн және қол еңбегімен үйлестіріле отырып тігіледі. Кәсіпорын үшін өзекті мәселелердің бірі - өнім өткізу нарығы. 

«Мұндай кәсіпорындар аудан бизнесін дамыту үшін бірден ірі инвестиция салу міндетті емес екенін көрсетеді. Шағын өндірістің кеңеюіне, тұтынушы табуына және біртіндеп тұрақты бизнеске айналуына жағдай жасау маңызды», - деді облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева.

Жаңа «Сауран» базарында кәсіпкерлерге Ұлттық палата әзірлеген BusinessGo цифрлық платформасының мүмкіндіктері таныстырылды. Платформа бизнеске қажетті цифрлық сервистерді бір жерге біріктіреді. Кәсіпкерлер сервисті пайдалану мүмкіндіктерімен танысып, өз пікірлерін білдірді. 

Сондай-ақ базарда «Бір ауыл - бір өнім» жобасына қатысушылар үшін арнайы сауда орнын ашу мәселесі талқыланды. Бұл жерде жоба қатысушыларының өнімдерін бір жерден сатуға мүмкіндік беріледі. Базар басшылығының өкілі Абылай Аманжолмен бұл мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді. 

Изображение

Мұндай орын шағын өндірушілер үшін маңызды. Соның бірі - жобаға қатысушы Гүлсім Кенжебаева. Ол емдік-косметикалық сабын өндіреді және базар кәсіпкерлерімен жұмыс істеп, осында өз өнімін сататын нүктесі бар. Енді осындай мүмкіндік жобаның басқа да қатысушыларына ұсынылмақ. 

Сонымен қатар сабын өндірушіге жаппай өндіріс көлеміне көшу үшін қажетті сәйкестік сертификатын алу мәселесі бар. Палата бұл мәселені сүйемелдеп және Ақтөбедегі химия өнеркәсібі кәсіпорындарына бару мүмкіндігін қарастырады. 

Ауданның басқа кәсіпкерлері де тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді. Осыған байланысты Палата мұғалжарлық бизнес үшін Ақтөбе қаласының кәсіпорындарына өндірістік тур ұйымдастырады. Кәсіпкерлер жұмыс істеп тұрған өндірісті ішінен көріп, тәжірибе жинақтай алады. 

Арнайы экономикалық аймақта жұмыс сапарының қатысушылары QazExpoCentre-Pipe жобасымен - құбырларды таңбалау зауытымен танысты. 

«Аудан үшін мұндай жобалар - жай ғана кәсіпкерлік бастама емес. Бұл - жаңа жұмыс орындары, салық базасы және өндірістің айналасында басқа да бизнес пен қызмет түрлерін дамыту мүмкіндігі», - деді Гүлқасима Сүйінтаева. 

Изображение

Сондай-ақ Қандыағаштағы жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететін «Фин-Люкс» ЖШС-нің жұмысы талқыланды. Қазір қалада екі бағыт бойынша жолаушылар тасымалданады. Қаңтар айында кәсіпорын жаңа Gazelle NEXT шағын автобусын сатып алса, сәуірде лизингке тағы 10 көлік алған. 

Автопарктің кеңеюіне байланысты кәсіпкерлер кәсіпорын көлігі үшін 2026 жылдың соңына дейін сұйытылған мұнай газын ай сайын жеткізу көлемін арттыру мәселесін көтерді. 

Тағы бір мәселе - әлеуметтік маңызы бар қалалық маршруттарды қаржыландыру. 2026 жылға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен тасымалдаушы арасында 123,85 млн теңгеге субсидия беру туралы келісім жасалған. 

Палата көтерілген мәселелерді бақылауға алып, олардың шешілу барысын қадағалайды. Бірқатар мәселе облыстық мәслихатпен бірлесіп, бюджеттік жоспарлау аясында қаралады. 

Сонымен қатар аудан кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау шаралары, қаржыландыру мүмкіндіктері және инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде ақпарат беру жалғасады. 

«Бүгінде Мұғалжар бизнесі өсуге деген ниетін көрсетіп отыр. Бұл - шағын тігін шеберханалары мен жергілікті өнім өндіруден бастап, миллиардтаған инвестициясы бар жобаларға дейінгі жол. Бірлескен жұмыстың міндеті - осы жолда туындайтын мәселелердің шешімсіз қалмауы, кәсіпкердің нақты қолдауды көріп, мәселені қайда барып шешуге болатынын білуі. Алдағы бірлескен жұмысымыз да осыған - бизнестің сұранысынан бастап, оны сүйемелдеу мен нақты нәтижеге дейінгі бағытқа негізделеді», - деді Гүлқасима Сүйінтаева.

Изображение