Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы 6 млрд теңгеден астам сомаға кәсіпкерлердің құқықтарын қорғады

28.09.2026
Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы 6 млрд теңгеден астам сомаға кәсіпкерлердің құқықтарын қорғады

Астанада бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қоғамдастық алдында бірыңғай есеп беру күні өтті. Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты алаңында өткен кездесуге 40-тан астам кәсіпкер қатысты.

Кездесуде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, мемлекеттік кірістер, полиция және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдарының өкілдері атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Изображение

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың нәтижелері туралы Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин баяндады.

Изображение

Жыл басынан бері Палатаға кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты 210 өтініш келіп түскен. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалпы сомасы 6 млрд теңгеден асатын кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.

Өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік бақылау және қадағалау, салық салу, жер қатынастары, сондай-ақ сәулет және қала құрылысы мәселелеріне қатысты.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында Палата мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен тұрақты түрде өзара іс-қимыл жүргізеді. Осы бағытта прокуратура органдарымен, Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментімен және Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған.

Изображение

Тек биыл Палата алаңында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен 14 кездесу өтті. Сонымен қатар, бизнесті толғандыратын жүйелі мәселелер талқыланатын 11 салалық кеңес жұмыс істейді.

Кездесуде сот практикасына да ерекше назар аударылды. Палата 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы бизнестің мемлекеттік органдармен сот дауларына талдау жүргізді.

Мемлекеттік кірістер органдарының қызметі саласында 229 әкімшілік іс қаралып, оның 83-і бойынша талаптар қанағаттандырылған. Мемлекеттік сатып алулар саласында 395 іс қаралып, 65 талап қанағаттандырылды. Сәулет және жер қатынастары саласында 84 істің 16-сы бойынша талаптар қанағаттандырылған.

Сонымен қатар, соттар мемлекеттік кірістер органдарына қатысты істер бойынша 23 жеке ұйғарым, мемлекеттік сатып алулар саласында 25, ал сәулет және жер қатынастары саласында 8 жеке ұйғарым шығарған.

Бұл көрсеткіштер құқық қолдану практикасында жекелеген даулы мәселелердің бар екенін көрсетеді. Осыған байланысты мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің сапасын арттыру және әкімшілік рәсімдер барысында кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау маңызды.

«Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының мақсаты – қарама-қайшылық қалыптастыру емес. Кәсіпкер өз міндеттерін нақты түсінетін, ал мемлекеттік орган өз өкілеттіктері шеңберінде әрекет ететін түсінікті әрі ашық ережелер қалыптастыру қажет», - деді Қанат Әлин.

Мемлекеттік бақылау қажет. Алайда ол заңнамада белгіленген тәртіппен және кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыс жекелеген өтініштер бойынша да, бизнестің жүйелі мәселелерін шешу бағытында да жалғасуда.

Мемлекеттік органдар өкілдерінің есептерінен кейін кездесу ашық микрофон форматында жалғасты. Кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, өздерін алаңдатқан мәселелерді көтерді.

Изображение

Атап айтқанда, бизнес өкілдері мектептегі тамақтандыру, шалғай аудандар тұрғындарына курьерлік жеткізу қызметін ұйымдастыру, кеңселерге апаратын кірме жолдар және басқа да өзекті мәселелерді көтерді.

Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдармен одан әрі пысықтауға жолданады.