Серіктестіктің жаңа көкжиегі: Қазақстан және Өзбекстан
Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Абдукаримов Жамолиддинхужа Абдузукур угли мен консул Махмудов Достон Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, Өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен және «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшылығымен маңызды диалог өткізді. Бұл сапар барысында өзбекстандық телеарна арнайы репортаж түсіріп жатыр.
Кездесудің басты мақсаты — екі ел арасындағы кәсіпкерлер үшін жаңа бағыттар ашу, ынтымақтастықты нығайту және үшінші елдердің нарықтарына бірлесіп шығу мүмкіндіктерін талқылау. Талқылау барысында Сирия, Ирак және Пакистан нарықтарына (азық-түлік, тамақ өнеркәсібі және текстиль өнімдері) бірлесіп шығу және өндірістік кооперация құру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ Өзбекстанға берілген GSP және GSP+ жеңілдіктер жүйесі арқылы 3000-ға жуық тауарды Еуропаға жеңілдетілген тәртіппен, ал тағы 3000 өнімді баж салығынсыз экспорттау мүмкіндіктері сөз болды.
Кездесуде кәсіпкерлер арасындағы байланысты тікелей, делдалсыз орнату, Қазақстан мен Өзбекстан өнімдерінің бірыңғай тізілімін жасау және екі ел арасында тікелей рейстер ашу мәселелері көтерілді. Жиында отандық кәсіпорындар өз ұсыныстары мен түйткілді тұстарын ортаға салды:
«ALNAT PRODUCT» ЖШС басшысы — кәсіпорын ет өңдеу өнеркәсібіне арналған табиғи және жасанды қабықшалар шығаратын Қазақстандағы жалғыз өндіруші екенін атап өтті. Өнімнің 90%-ы экспортталады (Қазақстан, Ресей, Голландия, Германия, жуырда АҚШ-қа алғашқы сынақ партиясы жіберілген). Компания Өзбекстан нарығын әлеуетті клиент ретінде қарастырып, ынтымақтастыққа мүдделілік танытты.
«KAZMEAT Акжайык» ТОО өкілі — кәсіпорын ай сайын шамамен 300 тонна ет экспорттайтынын, қуаттылығы 20 000 бас екенін жеткізді. Кездесуде импортерлер реестріне ену кезінде кеткен қателік салдарынан шекарада туындайтын мәселе айтылды. Өзбекстан өкілдері бұл қатені реттеуге уәде берді. Сондай-ақ Батыс Өзбекстан бағытына Ташкент арқылы емес, «Дәуіт ата» пункті арқылы өту логистиканы айтарлықтай жеңілдететіні, қазіргі таңда бұл шекара бекетінде жүргізіліп жатқан кеңейту және жөндеу жұмыстары өтуді әлдеқайда жылдам әрі ыңғайлы ететіні сөз болды.
Өзбекстан дипломаттарының өңірге бұл сапары екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Тікелей байланыстарды орнату, шекара маңы логистикасын жақсарту және GSP+ артықшылықтарын пайдалана отырып үшінші елдердің нарықтарына бірлесіп шығу қазақстандық бизнес үшін ауқымды мүмкіндіктер ашады. Мұндай бастамалар өңіраралық сауда-саттықты арттырып қана қоймай, кәсіпкерлердің халықаралық кооперациясын нығайтуға берік негіз қалайды.