Петропавловда полиция жол белгілерімен бизнесті «бұғаттап» тастаған

29.09.2026
Петропавловда полиция жол белгілерімен бизнесті «бұғаттап» тастаған

Аталған белгілердің қаншалықты заңды орнатылғаны Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында қаралды.

Петропавловск қалалық полиция басқармасы «құқық бұзушылықтың алдын алу» деген игі мақсатты желеу етіп, Интернациональная көшесі, 66 мекенжайында орналасқан ойын-сауық кешеніне кіретін жолды іс жүзінде жауып тастады. Бұл ғимаратта «Қазақстан» кинотеатры мен бірқатар танымал демалыс әрі тамақтану орындары орналасқан. Қыркүйек айының басында ғимарат иесі – «Big-Ben» ЖШС мен жалға алушылар кешенге іргелес аумаққа кіретін екі жолдың да бұғатталғанын байқаған. Кіреберістің біріне 3.1 «Кіруге тыйым салынады» («кірпіш»), ал екіншісіне 3.2 «Қозғалысқа тыйым салынады» белгісі қойылған. Клиенттер, қызметкерлер, курьерлер мен такси жүргізушілері үшін қолжетімсіз болып қалған бұл автотұрақ жақын маңдағы тұрғын үйлерден гүлзар арқылы бөлінген әрі транзиттік жол болып табылмайды. Кәсіпкерлердің айтуынша, белгілер пайда салысымен бұл учаскеде полиция «рейдтері» басталған. 5 және 12 қыркүйекте кезекшілікте тұрған полиция экипаждары кешенге жақындаған көліктерге айыппұл салып, аумақтан мәжбүрлі түрде куып отырған.

 

Изображение

 

Изображение

 

Жағдайды зерттеген Палата заңгерлері белгілердің заңсыз орнатылғаны және олардың тез арада алынып тасталуы тиіс деген қорытындыға келді. СҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Айдос Кеңбеиловтің хабарлауынша, жол белгілері Петропавловск қалалық полиция басқармасының 2026 жылғы 28 тамыздағы №212 нұсқамасы негізінде орнатылып, оны кейін қалалық ТҮКШ бөлімі орындаған.

 

Изображение

 

«Жағдайды талдай келе, белгілердің орнатылуы мына мән-жайларға байланысты заңсыз деп есептейміз. Жол жүрісі қағидалары мұндай белгілерді қолданудың нақты әрі толық жағдайларын реттейді. Маселен, «кірпіш» – «Кіруге тыйым салынады» белгісі тек төрт жағдайда орнатылады: біржақты қозғалысы бар жолдарда; бағдарлы көліктерге арналған жолақтарда; май құю станцияларында (кіру/шығу бағытын бөлу үшін) және жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелерде. Кинотеатрға кіреберіс бұл пункттердің ешқайсысына сәйкес келмейді. Ал «Қозғалысқа тыйым салынады» белгісі тек жаяу жүргіншілер/тұрғын үй аймақтарында, апатты/қауіпті учаскелерде немесе бұқаралық шаралар кезеңінде, яғни тек осы үш жағдайда ғана қойылады. Кинотеатрдың коммерциялық аумағында қауіпті аймақ та, жаяу жүргіншілер өткелі де жоқ, сондықтан олар қысқа мерзімде демонтаждалуы тиіс. Бұған жауапты тұлғаларды лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуға қол жеткіземіз», – деп түйіндеді Айдос Кеңбеилов.

Жиын барысында белгілі болғандай, бизнес өкілдері бұған дейін де қалалық полиция басқармасына жол белгілерін алып тастау туралы өтініш білдірген.

«Біздің белгілерді алып тастау туралы өтінішімізді олар елеусіз қалдырды. Полиция муны жаяу жүргіншілердің, жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жанжалдардың алдын алу мақсатында жасалды деп ақталды. Оған қоса, біз бұл жеке кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу екенін алға тартқан едік», – деді «Big-Ben» ЖШС өкілі Алексей Тетерин.

 

Изображение

 

«Мен белгілердің қауіпсіздік үшін орнатылғанын алғаш рет естіп тұрмын. Бұл жерде жұмыс істеп жатқанымызға 2,6 жыл болды, осы уақыт ішінде бірде-бір апат болған емес. Белгі орнатылған күні кіргендердің барлығына айыппұл салынды. Азық-түлік пен сусын жеткізушілер енді не істейтінін сұрап жатыр: көрші көшеден ауыр қораптар мен жәшіктерді ешкім тасығысы келмейді, ал Интернациональная немесе Әуезов жағынан тоқтауға болмайды. Біз жан-жақтан бұғатталып қалдық», – деп сөзін жалғастырды «Ирландский паб» ЖШС директоры Дмитрий Матушков.

Жиынға қатысқан Петропавловск қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Айдын Ахмағамбетов кәсіпкерлердің сөзін растап, мекеменің халық игілігі үшін әрекет етіп отырғанын айтты. Алайда, ол аталған учаскедегі жол-көлік оқиғаларының статистикасын келтіре алмады.

 

Изображение

 

«Аталған белгілер жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көліктер мен жаяу жүргіншілер арасындағы жанжалдардың алдын алу, адамдар көп жиналатын уақытта олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіпті жоймау мақсатында орнатылды... Қазіргі таңда ЖКО тіркелген жоқ, бірақ бұл түнгі уақытта көліктің тығыз жиналуына байланысты алдын ала қабылданған шара», – деп түсіндірді Айдын Ахмағамбетов. Сонымен қатар, ол клиенттер «әрқашан көрші көшеге тоқтап, жаяу жүре алатынын» атап өтті.

Бұған жауап ретінде Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Инесса Куанова кез келген органның әкімшілік шешімі нақты заңды негізге сүйенуі тиіс екенін ескертті.

«Алдымен әрқашан заңды негіз болуы керек, содан кейін барып сіздердің әкімшілік шешімдеріңіз жүруі тиіс екенін түсініңіздер! Ал «қауіпсіздік пен алдын алу» мақсатында болса, онда бүкіл қаланы осы екі белгімен толтырып тастауға болады ғой, ешкім мүлдем жүрмейтіндей етіп!» – деп түйіндеді Инесса Куанова.

 

Изображение

 

Туындаған мәселені шешудің қызықты жолын ұсынып, Петропавловск әкімдігі ТҮКШ бөлімінің өкілі Дархан Бақышев та кеңес мүшелерін таңғалдырды. Ол белгілердің полицияға түнде демалатын жастардың жанжалы үшін қажет екенін мойындап, шектеуді уақытша – сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін енгізуді ұсынды.

«Ол жерде түнде үнемі төбелес болып тұрады, жастар демалады, белгілер осы мақсатта орнатылған. Бұл бизнесті шектеу үшін емес, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жасалды», – деді шенеунік.

 

Изображение

 

Кеңес төрағасының реакциясы да көп күттірмеді: «Бұзақылық пен жол белгілерінің арасында қандай байланыс бар? Адам көлікпен келіп, көрші көшеге қойды, ішімдік ішіп, аумақта төбелесті. Қозғалысқа тыйым салу төбелес мәселесін қалай шешеді?»

Отырыста заңды нүктені қадағалаушы орган өкілі қояды деп күтілген еді, бірақ қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры Владислав Кошелев мекеменің полиция департаменті мен әкімдіктен қайта бағытталған сауалдарға әлі де жауап күтіп отырғанын айтты.

 

Изображение

 

«Барлық жауаптарды алған кезде қандай да бір түпкілікті шешімге келеміз. Оны қазір айту ертерек, бірақ осы жерде естігенімнен түсінгенім, белгілер құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қойылған... ТҮКШ полицияның нұсқамасын орындамауға құқығы жоқ, себебі әкімшілік жаза қолданылады, ал белгілерді орнату туралы полициядан артық кім біледі? Полиция департаментінің жауабын күтейік, ол қалалық басқармадан жоғары», – деді Владислав Кошелев.

Полиция жол белгілерін «түнгі төбелеске қарсы әмбебап құрал» деп санап, ал прокуратура құжаттарды зерттеп жатқанда, Петропавловск кәсіпкерлері шығынға батып, әуре-сарсаңға түсуде. Кешен аумағына кіруді шектейтін жол белгілерін орнату салдарынан осы жерде орналасқан барлық кәсіпорындардың бизнес жүргізуіне тікелей әрі еңсерілмейтін кедергі жасалған. Кешен аумағына кіретін екі жол белгілермен шектелсе, үшінші жол арқылы өтуге бұл жерге орналасқан көшпелі цирк мүмкіндік бермей отыр.

Отырыс қорытындысы бойынша СҚО Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі Петропавловск прокуратурасына полиция нұсқамасының заңдылығына мұқият тексеру жүргізу мәселесін жеделдетуді ұсынды. Ал белгілердің тез арада демонтаждалатынына үміттенбейтін бизнес өкілдеріне өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сот тәртібімен қорғауға дайын болу ұсынылды.