Ақмола облысында Есеп берудің бірыңғай күні өтті

29.09.2026
Ақмола облысында Есеп берудің бірыңғай күні өтті

​Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында өңір әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның қатысуымен бақылау-қадағалау органдарының Есеп берудің бірыңғай күні өтті. Кездесу тікелей диалог форматында ұйымдастырылды: мемлекеттік органдардың өкілдері бизнес алдында жұмыстың басты көрсеткіштері бойынша есеп берді, ал кәсіпкерлер көкейкесті сұрақтарын қойып, нақты жағдайлар бойынша түсініктемелер алды.

​Жер қатынастары саласындағы нәтижелер туралы Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Әділбек Сыздықаев баяндады. Жыл басынан бері ведомство 263,6 мың га жерді қамти отырып, 251 тексеру жүргізді. Оның 247-сі жоспардан тыс инспекция (185,7 мың га) болса, тағы төртеуі профилактикалық бақылау үлесіне тиді (77,9 мың га).

​Өз саласындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысын Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Ысқақов ұсынды. Біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша жоспарланған 187 объектінің 154-і тексерілді. Тәртіп бұзушылықтар 151 объектіде анықталып, кәсіпкерлерге 67 нұсқама берілді. Тағы 32 тексеру объективті себептерге байланысты — қызметтің тоқтатылуы, ұйымдардың таратылуы немесе заңды мекенжайлардың ауысуы салдарынан өткізілген жоқ.

​Құқық қорғау жұмысының нәтижелерімен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов бөлісті.

Изображение

​«Жыл басынан бері бізге бизнесті қорғау желісі бойынша 164 өтініш түсті, оның 108-і бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді (65,8%). Қорғалған мүліктік құқықтардың сомасы 126,7 миллион теңгеден асты. Өтініштердің құрылымы көрсеткендей, кәсіпкерлер көбінесе жер саласындағы мәселелерге тап болады — 33%. Одан кейін салық салу (24%), мемлекеттік сатып алу (19%), агроөнеркәсіптік кешен және субсидиялау (13%) мәселелері тұр. Логистика мен ТҮКШ үлесіне 9% тиесілі, ал құқық қорғау органдарының әрекеттеріне шағымдар 2%-ды құрайды», - деп атап өтті Расул Сыздықов.

​Бұл ретте жалпы статистика әкімшілік қысымның төмендегенін көрсетеді. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың есепті кезеңінде бизнеске қатысты 1 524 тексеру тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткішпен (1 953) салыстырғанда төмен. Әкімшілік істер саны да 515-тен 334-ке дейін азайды.

​Диалогты қорытындылай келе, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан билік пен кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстың маңыздылығын атап өтті.

​«Мұндай алаңдар ашық пікір алмасу және бизнестің ұсыныстарын жинау үшін өте қажет. Талқылауға түсетін мәселелердің мемлекеттік органдар тарапынан естілуі және олар бойынша шешімдердің Кәсіпкерлер палатасы арқылы бизнес өкілдеріне жедел жеткізілуі маңызды», - деп түйіндеді Мұрат Балпан.

​Кездесуде кәсіпкерлер айтқан кейстер мен өтініштер туралы толығырақ келесі материалдарымыздан оқи аласыздар.