Қаржы нарығындағы жаңа ережелер талқыланды

29.09.2026
Қаржы нарығындағы жаңа ережелер талқыланды

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Қазақстан Республикасының «Капитал нарығы туралы» және «Сақтандыру нарығы туралы» заң жобаларының тұжырымдамалық ережелерін талқылауға арналған кеңес өтті.

Кездесу гибридті форматта, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың төрағалығымен өтті. Талқылауға нақты сектордың мүддесін білдіретін салалық комитеттер мен ірі бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Заң жобалары қаржы нарығына қатысушылардан бастап, өнеркәсіп, энергетика, жер қойнауын пайдалану, құрылыс, көлік, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм салаларында жұмыс істейтін компанияларға дейінгі кәсіпкерлердің кең ауқымының мүддесіне қатысты.

Изображение

«Капитал нарығы туралы» заң жобасы бағалы қағаздарды, туынды қаржы құралдарын және цифрлық қаржы активтерін қамтитын нарықты кешенді реттеуге көшуді көздейді. Ұсынылып отырған жаңа тетіктер қатарында компаниялардың капитал нарығына шығуын жеңілдету, «бір терезе» қағидатын енгізу, нарықтық инфрақұрылым тетіктерін жаңарту, клиенттердің активтерін қорғауды күшейту және инвестициялық консультация беруді реттеуді жетілдіру бар.

Ал «Сақтандыру нарығы туралы» заң жобасы бәсекелестікті дамытуға, сақтандыру қызметтерін цифрландыруға, сақтандыру секторының тұрақтылығын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Құжат міндетті сақтандыруға қатысты тәсілдерді жаңартуды, сақтандыру инфрақұрылымын дамытуды, агенттер мен брокерлердің қызметін жетілдіруді, сондай-ақ бірыңғай цифрлық деректер базасын құруды қарастырады.

«Бизнес үшін ұсынылып отырған нормалардың мазмұны ғана емес, олардың қаншалықты түсінікті, болжамды әрі іс жүзінде қолдануға қолайлы болуы да маңызды. Сондықтан Ұлттық палатаның міндеті – кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинақтап, жаңа талаптардың ықтимал салдарын бағалау және түпкілікті шешімдер қабылданғанға дейін бизнестің шоғырландырылған ұстанымын қалыптастыру», – деді Тимур Жаркенов.

 

Изображение


Кеңес барысында бизнес-қоғамдастық өкілдері екі заң жобасына қатысты тұжырымдамалық ескертулері мен ұсыныстарын білдірді.

Талқылау қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, кәсіпкерлік қоғамдастықтың бірыңғай ұстанымын қалыптастырады. Құжат кейін заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органға жолданады.