«Білім. Дағды. Өндіріс»: дуальды оқыту мен кадр даярлау мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында «Өндірістегі 10 күн» акциясы аясында «Білім. Дағды. Өндіріс» облыстық форумы өтті. Іс-шараны Кәсіпкерлер палатасы мен Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі бірлесіп ұйымдастырды. Форумда кәсіптік білім мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, жұмыс берушілермен әріптестікті дамыту және еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау мәселелері талқыланды.
Жиынға білім басқармасының, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпорындар, әлеуметтік серіктестер, колледж оқытушылары мен студенттер қатысты.
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директорының міндетін атқарушы Ержан Өтеулиев «Өндірістегі 10 күн» акциясының мақсаты кәсіпорындарға барып, кездесу өткізумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, өндірістің нақты талаптарын зерделеп, сол ақпарат негізінде білім беру бағдарламаларын жаңарту және түлектердің жұмысқа орналасуына жағдай жасау маңызды.
«Акцияның мақсаты – колледжде даярланатын мамандардың кәсіби құзыреттерін жұмыс берушілердің қазіргі және болашақтағы талаптарымен сәйкестендіру. Кәсіпорындардан алынған ақпарат нақты білім беру өзгерістеріне айналуы керек», – деді Ержан Бақтыбайұлы.

Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Перизат Қарасаева маман даярлау кезінде жұмыс берушілердің нақты талаптарын ескерудің маңыздылығын атап өтті.
«Ең тиімді жолы – болашақ маманды өндірістің нақты талаптарына сай бірге даярлау», – деді ол.
Бүгінде облыстағы 29 колледжде дуальды оқыту жүргізіледі. Оған 69 мамандық пен 102 біліктілік бойынша 1 572 кәсіпорын әлеуметтік серіктес ретінде қатысып отыр. Палатаның сауалнамасы бойынша 2026 - 2028 жылдары өңірге 3 441 маман қажет болады. Оның ішінде техникалық және кәсіптік білімі бар 921 маманға сұраныс бар.

Сондай-ақ дуальды оқытуды цифрландыру, соның ішінде CareerHub платформасы арқылы үшжақты шарттарды рәсімдеу мәселесі сөз болды.
Кәсіпкерлер мен түлектер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форум соңында белсенді әлеуметтік серіктестерге Кәсіпкерлер палатасы директорының атынан алғыс хаттар табысталды.

