Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі техникалық ақаулар Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесте талқыланды

30.09.2026
Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі техникалық ақаулар Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесте талқыланды

Қарағанды облысы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 113-отырысында қызметкер туралы өзекті мәліметтердің болмауына байланысты зейнетақы жарналарының қайтарылуы және салық төлемдерінің ақпараттық жүйеде дұрыс көрсетілмеуі мәселелері қаралды.

Отырысты ашқан Кеңес төрағасы Геннадий Жмук аталған екі мәселенің ортақ сипаты бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі техникалық ақаулардың салдарын кәсіпкерлер өздері жоюға мәжбүр болып отыр.

«Бір рет болса – кездейсоқтық, екі рет болса – заңдылық. Бүгін біз бір тақырыпқа қатысты екі мәселені қарастырып отырмыз», – деді Геннадий Жмук.

Алғашқы мәселе міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) аударуға қатысты болды.

Палата сарапшысы Наталья Украинцева түсіндіргендей, қызметкердің жеке басын куәландыратын құжаты Мемлекеттік жеке тұлғалар дерекқорында белсенді мәртебеде болмаса, төлемдер қайтарылуы мүмкін.

Мұндай жағдай жеке куәліктің қолданылу мерзімі аяқталған кезде, жаңа құжат әлі алынбаған жағдайда немесе жаңа құжат туралы мәліметтер ақпараттық жүйеде уақытында жаңартылмаған кезде орын алуы ықтимал.

Бұл ретте жұмыс берушіге қызметкерлерінің жеке куәліктерінің қолданылу мерзімін тұрақты бақылау міндеті заңнамада көзделмеген. Алайда төлем қайтарылып, міндеттеме белгіленген мерзімде орындалмаса, оның қаржылық салдары жұмыс берушіге жүктеледі.

Мәселе вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін әсіресе өзекті.

«Қызметкер құжаттарын ауыстыруға тапсырып, вахтаға кетеді. Отызыншы күні келіп, жаңа жеке куәлігін алады. Ал бізде төлем жасау мерзімі – жиырма бесіне дейін. Осылайша, тығырыққа тірелген жағдай қалыптасады», – деді отырыс барысында мәселені көтерген тарап.

Қарағанды облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының өкілі Шолпан Бейсенбекова бұл жағдайда Мемлекеттік корпорация тиісті жүйенің пайдаланушысы екенін түсіндірді.

«Төлемдерді өңдеу жүйесінің иесі – Еңбек министрлігі. Біз осы бағдарламаның пайдаланушыларымыз, біздің құзыретімізге тек есепке алу мәселелері жатады», – деп түсіндірді Шолпан Бейсенбекова.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар осындай жағдайларда жұмыс берушілердің іс-әрекет алгоритміне қатысты ресми түсіндірме беруді және осыған ұқсас өтініштердің статистикасын жинауды ұсынды.

Екінші мәселе жеке кәсіпкер В. Ямщиковтың өтінішіне қатысты болды.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Қонысбек Ахметовтің айтуынша, мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесіндегі техникалық ақауға байланысты кәсіпкер жүргізген төлемдер тиісті дербес шоттарға уақытында бөлінбеген.

Нәтижесінде берешек қалыптасып, өсімпұл есептелген, сондай-ақ банктік шоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатылған.

Қазыбек би ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының тексеруі техникалық қателіктің болғанын растады. Атап айтқанда, жалпы сомасы 872 мың теңгені құрайтын 44 төлем тапсырмасы белгісіз мәртебеде қалып, дербес шоттарға есепке алынбағаны анықталды.

Кәсіпкер аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына, Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне және ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүгінген.

Кеңес отырысына қарай мәселе шешіліп, кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді.

«Мұндай өтініштер Палатаға ара-тұра түсіп тұрады. Біз қалыптасқан тәжірибені талдап, осындай жағдайлар туралы Мемлекеттік кірістер департаментіне ақпарат беретін боламыз. Өйткені кәсіпкерлер техникалық ақауларды жоюға уақытын да, қаражатын да жұмсайды», – деді Қонысбек Ахметов.

Талқылау барысында жекелеген өтініштердің артында кеңірек сипаттағы мәселе тұрғаны айтылды. Кеңес мүшелері мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі техникалық ақауларға жедел ден қою тетігін қарастыруды ұсынды.

Палата директорының орынбасары Азамат Даненбаев жаңа цифрлық платформаларды іске қосу кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешетін уақытша техникалық топтар құруды ұсынды.

«Жаңа жүйелерді енгізу кезінде туындайтын техникалық мәселелерді жедел шеше алатын арнайы техникалық мамандар тобын құру қажет», – деді Азамат Даненбаев.

Кеңес мүшесі Николай Абт мемлекеттік цифрлық сервистерді пайдалану кезінде туындайтын техникалық ақаулардың салдарына да назар аударды. Оның айтуынша, мұндай ақаулар кәсіпкерлерге қосымша шығын келтіріп қана қоймай, белгіленген мерзімдердің өтіп кетуіне де себеп болуы мүмкін.

Отырыста міндеттеменің орындалмауына кәсіпкер кінәлі болмаған, ал оның себебі расталған техникалық ақау болған жағдайларда жауапкершілік мәселесі де талқыланды.

Қатысушылар мұндай жағдайларда техникалық ақауды ескеруге және кәсіпкерге негізсіз қаржылық санкциялар қолдануға жол бермейтін тетікті пысықтауды ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша осындай өтініштер туралы ақпарат жинауды жалғастыру, уәкілетті мемлекеттік органдардан ресми түсініктемелер алу және тиісті ұсыныстарды одан әрі жұмыс жүргізу үшін жолдау туралы шешім қабылданды.

«Кәсіпкерлердің проблемаларына қатысты барлық мәселе – біздің Кеңестің де, жалпы Палатаның да назарында», – деп атап өтті Геннадий Жмук.

Екі мәселе бойынша жұмыс Палатаның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы аясында жалғастырылатын болады.