Өңірлік кеңесте инвестициялар мен бизнесті қолдау құралдары талқыланды

30.09.2026
Өңірлік кеңесте инвестициялар мен бизнесті қолдау құралдары талқыланды

Елордадағы инвестициялық ахуал, кәсіпкерлерді қолдаудың қолданыстағы тетіктері және мемлекеттік сатып алу саласындағы өзекті мәселелер Өңірлік кеңестің кезекті отырысында талқыланды.

Отырыста арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері мен инвесторларға ұсынылатын қолдау шаралары таныстырылды. Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту департаменті директорының орынбасары Төре Искаковтың айтуынша, бүгінде Астанада «Астана-Жаңа қала» және «Астана-Технополис» атты екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді.

Изображение

«Астана-Жаңа қала» Қазақстандағы алғашқы арнайы экономикалық аймақ ретінде белгілі. Оның аумағындағы №1 индустриялық парк бүгінде 100-ден астам кәсіпорынды біріктіреді. Жыл соңына дейін мұнда тағы 40-тан астам нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Ал «Астана – Технополис» IT және ғылыми-технологиялық бағыттағы жобаларды дамытуға басымдық береді.

АЭА резиденттеріне бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Олардың қатарында корпоративтік табыс, жер және мүлік салықтарынан босату, сондай-ақ заңнамаға сәйкес ҚҚС пен кедендік баждарға қатысты жеңілдіктер бар. Инвесторларды сүйемелдеу «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі.

Кездесуде елорданың инвестициялық портфелі де таныстырылды. Оның құрамында түрлі салалардағы іске асырылып жатқан жобалар бар. Бұған қоса, Астанада жүзеге асқан ірі инвестициялық жобалар туралы ақпарат берілді.

Өңірлік инвестициялық штабтың жұмысы да назардан тыс қалмады. Астана қаласының әкімі төрағалық ететін штаб «Astana Invest» компаниясының жұмыс органы ретінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысады.

Кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы мүмкіндіктер туралы «Астана» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Баймұқаш айтып берді. ӘКК инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысып, бизнеске нысандарды жалға береді, әлеуметтік кәсіпкерлік пен әлеуметтік жобаларды қолдайды.

Изображение

Компания қызметінің тағы бір бағыты - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көшедегі сауданы дамыту, өнеркәсіптік инфрақұрылымды 3% мөлшерлемемен қаржыландыру және мектепке дейінгі білім беру нысандарын салу жобаларына қатысу.

Мемлекеттік сатып алу мәселесін Өңірлік кеңес мүшесі Талғат Қожахметов көтерді. Ол техникалық қадағалау қызметтерін сатып алу кезінде боттарды пайдалану мәселесіне назар аударып, сатып алуға қатысушылардың қаржылық тұрақтылығын бағалау талаптарын қайта қарауды ұсынды.

Көтерілген мәселелерге ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алуды және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын әдіснамалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Жан-Ахмет Тұрсынбай жауап берді.

Отырыс соңында Палата директоры Қанат Әлин Өңірлік кеңес мүшелерінің кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелерді көтеріп, олардың шешімін іздеуге белсенді атсалысуы маңызды екенін атап өтті.

Изображение

Сонымен қатар бизнес өкілдерінің ұстанымын ақпараттық кеңістікте кеңінен таныту қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің салалық мәселелерін көтеріп қана қоймай, оларды БАҚ-тағы эфирлер, пікірлер мен сұхбаттар арқылы қоғам назарына жеткізу де маңызды.