Бескөлдегі мекенжай квесті: көшелердің қайталануы логистика мен бизнеске қалай кедергі келтіреді

30.09.2026
Бескөлдегі мекенжай квесті: көшелердің қайталануы логистика мен бизнеске қалай кедергі келтіреді

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы ретсіз көше-мекенжай жүйесі жергілікті кәсіпкерлердің жұмысына, әсіресе тауар жеткізу мен логистика мәселелеріне айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Бұл мәселе кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кеңестің кезекті отырысында көтерілді.

Бескөлдегі логистикалық қиындықтың негізгі ошағы – Луговая көшесі. Анықталғандай, бұл атау ауылдың бір-бірінен аумақтық тұрғыда алшақ орналасқан бірнеше көшесіне берілген. Оның ішінде бір-біріне параллель орналасқан көшелер мен өткелдер де бар. Жағдайды үйлердің ретсіз нөмірленуі одан әрі күрделендіріп отыр. Мұнда үйлерді тақ және жұп нөмірлер бойынша орналастырудың қалыптасқан тәртібі сақталмаған.

Іс жүзінде бұл жағдай тіпті Google Maps және 2GIS сияқты танымал картографиялық сервистердің де қажетті нысанды дәл анықтауына кедергі келтіреді. Луговая көшесіндегі нақты мекенжайды табу үшін жүргізушілер мен курьерлерге кейде едәуір уақыт жұмсауға тура келеді.

Изображение

«Бұл мәселе бізге кәсіпкерлер тарапынан көтеріліп, ұсыныс түсті. Біздің есептеуімізше, бір шағын ауданда шамамен 12 көше, бұрылыс және өткел бар, бірақ барлығының атауы – Луговая. Осыған байланысты қиындық тек такси жүргізушілеріне ғана емес, көмір, отын, құрылыс материалдарын және басқа да тауарларды жеткізумен айналысатын кәсіпорындарға да туындайды. Бұл көшелерде тұрғын үйлермен қатар кәсіпкерлік нысандар да орналасқан. Оларды табу да оңай емес, себебі нысандардың нөмірленуінде де мәселе бар. Мысалы, бүгін мен үйді пайдалануға берсем, оған №3 мекенжайы берілуі мүмкін. Ал Бескөлдің бірнеше шақырым жердегі басқа шетіндегі жаңа үйге де Луговая көшесі, №4 мекенжайы беріледі. №3 үйдің жанында №20 немесе №30 үй тұруы мүмкін», - дейді Кәсіпкерлер палатасы Қызылжар аудандық филиалының директоры Асқар Нұрмұқанов.

Мұндай белгісіздіктің тауар жеткізу және логистика саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін қосымша шығын әкелетіні түсінікті. Біріншіден, көлік қозғалысының белгіленген кестесі жиі бұзылады. Логистер жанармайға қосымша шығынданса, курьерлер қажетті мекенжайды қайта іздеп, жұмыс уақытын жоғалтады. Ал тез бұзылатын өнімдер үшін мұндай кідіріс тауардың бүліну қаупін арттырады.

Палата заңгерлерінің айтуынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 қарашадағы бұйрығына сәйкес, бірыңғай әрі қайшылықсыз мекенжай кеңістігін қалыптастыру және жүргізу – мемлекеттік органдардың тікелей міндеті. Ал «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесі бір елді мекен шегінде көшелер атауының қайталануына жол бермеу мақсатында құрылған.

Өз кезегінде отырысқа қатысқан Бескөл ауылдық округі әкімдігінің құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Чинара Бакаева бұл мәселенің жергілікті атқарушы органдарға белгілі екенін, алайда оны аудан деңгейінде шешу қажет екенін атап өтті.

Изображение

Бұл мәселені шешу бойынша өкілеттіктер Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен ауылдық округ әкімдігі арасында бөлінген. Ауылдық округ әкімдігі көше атауларын ретке келтіру рәсімін бастауға, ұсыныстар әзірлеп, оларды жоғары тұрған деңгейде бекітуге жіберуге міндетті болса, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі ауылдың кезекші жоспарына, «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіндегі деректерді өзектендіруге және көше-жол желісін ретке келтіру бойынша қорытынды беруге жауап береді.

Айта кетейік, ономастика саласындағы мәселелер тек ауылдық жерлерге ғана тән емес, Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі. Бұл бағытта тәртіп орнату қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында да атап өткен болатын.

«Сонымен қатар тарихи тұрғыдан ескірген атаулары бар ауылдарды қайта атауға аса мұқият қарау керек. Бұл жерде науқаншылдыққа жол беруге болмайды. Тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың пікірін ескеру маңызды. Ал көшелерге келетін болсақ, ең алдымен атаусыз көшелер мен қайталанатын топонимдерге атау беру қажет. Елді мекендердің кеңеюі, жаңа қалалық аудандардың бой көтеруі салдарынан елімізде мұндай нысандардың саны мыңдап саналады. Бұл өрт сөндіру, полиция, жедел жәрдем және басқа да қызметтердің жұмысына қиындық туғызады», – деген еді Президент.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес Бескөл ауылдық округінің әкімдігіне аудандық сәулет бөлімімен бірлесіп, Луговая көшесінің барлық аумағына түгендеу жүргізуді және бір-бірінен бөлек орналасқан көшелер мен өткелдердің әрқайсысына бірегей атау беруді ұсынды. Сондай-ақ ғимараттардың нөмірленуін ретке келтіріп, қажет болған жағдайда үйлерді тақ және жұп нөмірлерге бөліп, белгіленген тәртіп бойынша қайта нөмірлеу ұсынылды. Сонымен бірге мәселе туралы аудан әкіміне ақпарат жеткізіп, оны бірлесіп шешу қажеттігі айтылды.

«Барлық мемлекеттік базалардағы деректерді өзара сәйкестендіріп, жаңартылған мәліметтерді «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне, Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына (ЖМБМК) және жария кадастрлық картаға енгізу маңызды. Географиялық қайталануларды жою аудан орталығының картасын ретке келтіруге ғана емес, бизнес шығындарын азайтып, өңірдегі тауар жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Инесса Куанова.