Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы Сәтбаев қаласының өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін тәлімгерлік курстарын ұйымдастырды
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы Сәтбаев қаласының өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін тәлімгерлік курстарын ұйымдастырды. Оқыту тәлімгерлер жұмысының тиімділігін арттыруға және жас мамандардың өндірісте бейімделуіне жағдай жасауға бағытталды.
️Оқыту «СПТВС» АҚ (Сәтбаев жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны) кәсіпорын базасында өтті. Оған "СПТВС" АҚ және «Казцентрналадка» ЖШС, «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС кәсіпорындарының тәлімгерлері қатысты. Оқытуды Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, тренер-мультипликатор Маржан Жауен өткізді.
Курс барысында Маржан Абдрашитовна өндірістегі тәлімгерліктің мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ тәлімгерлер жұмысының ерекшеліктері туралы кеңінен айтып берді. Жас мамандардың бейімделу кезеңіндегі тәлімгердің рөліне ерекше назар аударылды.
Колледж түлектері үшін өндірістік кәсіпорын көбіне алғашқы жұмыс орнына айналады. Бұл кезеңде жас маман үшін кәсіби дағдыларды меңгеріп қана қоймай, жаңа жағдайға, ұжымға және өндіріс талаптарына бейімделу де маңызды. Сондықтан тәжірибелі тәлімгердің қолдауының маңызы зор.
Оқыту аясында қатысушылар Германия, Финляндия, Швейцария және Ресей сияқты елдердегі тәлімгерлікті ұйымдастыру тәжірибесімен де танысты.







