Туризм және креативті индустриялар: «Атамекен» мен бизнес саланы дамытудың жаңа тәсілдерін талқылады
«Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының Туристік сала комитетінің Қазақстан инвесторлары қауымдастығымен бірлескен отырысы өтті.
Жиын барысында Қазақстан Инвесторлар қауымдастығы ұсынған «Туризм және креативті индустриялар: «табиғат – мәдениет – оқиға» тұжырымдамасы таныстырылды. Құжатта елдің табиғи және мәдени әлеуетін бәсекеге қабілетті туристік өнім қалыптастыруға, инвестиция тартуға және өңірлік бизнесті дамытуға негіз ретінде тиімді пайдалану ұсынылады.
Талқылауға «Атамекен» ҰКП өкілдері, бизнес-қоғамдастық және салалық бірлестіктер қатысты. Қатысушылар ұсыныстардың практикалық маңызы мен іске асырылу мүмкіндігіне, сондай-ақ олардың кәсіпкерлердің жұмыс жағдайына тікелей әсер ететін мәселелеріне назар аударды.

Ұсынылған талдауға сәйкес, Қазақстанның туризм саласы оң өзгеріс көрсетіп келеді. 2025 жылы орналастыру орындарында 10,1 млн ішкі және 1,4 млн шетелдік туристке қызмет көрсетілген. Сонымен қатар шекаралық статистика бойынша туристік мақсатпен елге 15,7 млн шетел азаматы келген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға салынған инвестиция көлемі 1 257 млрд теңгені құрады. Бұл қатарда халықаралық деңгейдегі 25 қонақүйді қамтитын 328 жоба бар.
Сонымен бірге қатысушылар әрі қарай пысықтауды қажет ететін бірқатар жүйелі мәселеге тоқталды. Олардың қатарында туристік дестинацияларды басқаруда бірыңғай үйлестіру тетігінің болмауы, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, инвестициялық ұсыныстардың бытыраңқылығы, қызмет көрсету сапасы, ілгерілету және кадр даярлау мәселелері бар.
«Кәсіпкерлер қауымдастығы үшін бұл ұсыныстардың практикалық маңызы мен іске асырылу мүмкіндігін бағалау маңызды. Талқылау барысында инфрақұрылымдық және әкімшілік кедергілерді, қаржыландыруға қолжетімділік мәселелерін, сондай-ақ бизнес үшін ықтимал тәуекелдер мен қосымша жүктемені нақтылау қажет», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев.

Ұсынылған тәсілдердің бірі – басым туристік дестинациялар негізінде басқару моделіне көшу. Бұл ретте кешенді мастер-жоспарлар әзірлеу, жеке инвестициялар үшін бірыңғай терезе қалыптастыру, аумаққа жауапты бірыңғай операторды айқындау және туристік ағынды біртұтас талдау жүйесін енгізу көзделеді.
Кездесуде креативті индустрияларды дамытуға да ерекше назар аударылды. Ұсынылған талдау бойынша, Қазақстанда 46 667 креативті индустрия субъектісі және 16 креативті орталық жұмыс істейді. Саланың ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 1%-ды құрайды. Қатысушылар креативті сектордың инвестициялық әлеуетін күшейтуге, зияткерлік меншік экспортын дамытуға және креативті бизнестің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беретін жағдайларды қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
«Қазақстан Инвесторлар қауымдастығы елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға қатысты өз тәсілдерін ұсынып, туризм мен креативті индустриялардың айтарлықтай әлеуетіне назар аударды. Ұсынылған тұжырымдама алдағы талқылауға негіз бола алады және оны сала өкілдерімен бірлесіп пысықтау қажет», – деп атап өтті «Қазақстан Инвесторлар қауымдастығы» ЗТБ Басқарма төрағасы Рүстем Жүрсінов.

Қазақстан Инвесторлар қауымдастығы ұсынған шаралардың қатарында креативті индустрия субъектілеріне арналған салық режимін жетілдіру, зияткерлік меншік құқықтарын қаржылық актив ретінде пайдаланудың тетіктерін қалыптастыру, қайтарымды және үлестік қаржыландыруды дамыту, сондай-ақ креативті секторға инвестиция тартуға арналған тұрақты алаң құру ұсыныстары бар.
«Қазақстан Инвесторлар қауымдастығы ұсынған туризм саласындағы ұсыныстар өзекті және оларды одан әрі нақты пысықтау қажет. «Атамекен» ҚР ҰКП аталған бастамаларды бірлесіп жетілдіру және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл аясында ілгерілету бойынша жұмысты жалғастыруға дайын», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Туристік сала комитетінің төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов.
Отырыс қорытындысы бойынша ұсынылған талдауды Комитет пен ішкі комитет мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бірлескен ұсыныстарды әзірлеу туристік дестинацияларды дамыту, жеке инвестицияларды тарту, инфрақұрылымды жетілдіру және креативті индустрияларды қолдау бағыттарындағы басым шаралар мен әрі қарай қарауды қажет ететін мәселелерді айқындауға мүмкіндік береді.