Жезқазған қаласында «Кәсіпкер әйел» жобасы аясында ұйымдастырылған «Бухгалтерия нөлден» курсы бойынша оқу аяқталды
Жезқазған қаласында «Кәсіпкер әйел» жобасы аясында ұйымдастырылған «Бухгалтерия нөлден» курсы бойынша оқу аяқталды. Оқу барысында қатысушылар бухгалтерлік есеп негіздері, салықтық әкімшілендіру, құжаттарды жүргізу және кәсіпкерлік қызметті тиімді жүзеге асыруға қажетті басқа да бағыттар бойынша білім алды.
Курс қорытындысы бойынша 25 түлекке оқуды сәтті аяқтағанын растайтын сертификаттар табысталды. Курс түлектерін оқуын аяқтауымен құттықтаған Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Каженова қатысушыларға кәсіби қызметтеріне табыс, бизнес-идеяларын жүзеге асыруда сәттілік және өңірде әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға тілектестік білдірді.
Өз кезегінде курс түлектері пайдалы әрі қажетті білімді тегін алуға мүмкіндік жасағаны үшін облыс әкімдігі мен Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасына алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, курс қатысушыларының кейбірі қазірдің өзінде Business GO цифрлық платформасына қосылып үлгерген. Олар жаңа жүйенің қолайлылығын және бизнесті жүргізуге байланысты жекелеген үдерістерді автоматтандыру мүмкіндіктерін атап өтті.



