КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЭКСКУРСИЯСЫ
Кәсіби бағдар беру жұмысы аясында Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы № 1 мектеп оқушылары мен тау-кен металлургиялық колледжінің студенттеріне арналған «Казтехфильтр» ЖШС кәсіпорнына экскурсия ұйымдастырды.
Экскурсия барысында қатысушылар кәсіпорынның қызметімен танысып, өндірістік үдерісті көрді. «Казтехфильтр» ЖШС автокөліктер мен басқа да техникаларға арналған әртүрлі сүзгілерді өндірумен айналысады. Оқушылар мен студенттерге өндірістің негізгі кезеңдері көрсетіліп, кәсіпорында қолданылатын технологиялар туралы ақпарат берілді. Экскурсия оқушылар мен студенттерге заманауи өндірістік кәсіпорынның жұмысымен, түрлі мамандықтардың ерекшеліктерімен және еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттермен практикалық тұрғыда танысуға мүмкіндік берді. Іс-шара соңында қатысушылар кәсіпорынның жұмысына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Кәсіби бағдар беру жұмысы жастарға мамандықтар әлемінде дұрыс бағдар табуға, нақты өндіріс орындарының жұмысымен танысуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағытталған.
