Жекеменшік балабақшаларды лицензиялау: бизнес жұмыс істеп тұрған ұйымдарға бірыңғай талаптар қажет екенін атап өтті

01.10.2026
Жекеменшік балабақшаларды лицензиялау: бизнес жұмыс істеп тұрған ұйымдарға бірыңғай талаптар қажет екенін атап өтті

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында мектепке дейінгі ұйымдарды 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті лицензиялауға көшіруге қатысты мәселелер талқыланды. Кездесуде, ең алдымен, жұмыс істеп тұрған жекеменшік балабақшалар үшін құқықтық айқындылықты қамтамасыз ету, оның ішінде жеке тұрғын үй иеліктерінде және жер учаскесінің нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) арналған нысандарда орналасқан ұйымдарға қойылатын талаптарды нақтылау мәселесі қаралды.

Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялауға көшіру 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап көзделіп отыр. Жаңа жүйе мектепке дейінгі білім беру саласында қауіпсіздік пен білім сапасына қойылатын бірыңғай талаптарды қалыптастыруға тиіс.

Изображение

Сонымен қатар сала өкілдері бірқатар практикалық мәселені алдын ала реттеу қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, санитариялық, өрт қауіпсіздігі, жер және құрылыс талаптарын қолдану, педагогтердің біліктілігін растау, сондай-ақ қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған ұйымдарды лицензиялау тәртібі туралы сөз қозғалды.

«Біз лицензиялауды алып тастауды талап етіп отырған жоқпыз. Біздің ұстанымымыз – лицензиялау жүйесі нақты әрі жан-жақты ойластырылуы қажет. Яғни талаптардың бірыңғай, түсінікті және орындауға болатын тізімі, әрбір талаптың нақты нормативтік негізі және оны іске асыруға жеткілікті өтпелі кезең болуы тиіс. Бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған балабақшаның жаңа талаптар өзгергеннен кейін лицензия ала алмай, қызметін тоқтатуға мәжбүр болатын жағдайға жол беруге болмайды», – деді «Қазақстанның Үздіксіз білім беру қауымдастығы» ЖКЗТБ төрайымы Лейла Куленова.

Изображение

Жеке тұрғын үй иеліктерінде орналасқан балабақшаларға қатысты мәселе де бөлек қаралды. ҚҮББҚ мәліметінше, қолданыстағы заңнамада ЖТҚ-ға арналған жер учаскелерінде жұмыс істейтін барлық жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар мектепке дейінгі білім беру қызметін жүзеге асырғаны үшін ғана жер учаскесінің нысаналы мақсатын міндетті түрде өзгертуі тиіс деген талап жоқ.

Бұл ретте жердің нысаналы мақсатын өзгерту қажеттілігі нақты аумақтың функционалдық аймағына, қала құрылысы құжаттамасына, нысанның ерекшеліктеріне және жер және құрылыс заңнамасының талаптарына байланысты айқындалуға тиіс. Осыған байланысты кездесуге қатысушылар өңірлердегі нормаларды әртүрлі түсіндіруге жол бермей, бірыңғай тәсіл қалыптастыруды ұсынды.

«Кәсіпкерлер қазіргі таңда лицензия алу үшін қандай құжаттар топтамасы жеткілікті болатынын нақты түсінуі қажет. Егер бір өңірде жұмыс істеп тұрған балабақшаға қолда бар құжаттар жеткілікті деп танылса, ал басқа өңірде жер учаскесінің немесе ғимараттың нысаналы мақсатын өзгерту қосымша талап етілсе, онда лицензиялаудың бірыңғай қағидаттары емес, өңірлерде әртүрлі практика қалыптасады», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры – Басқарушы директор Азамат Бейсенбенов.

Изображение

Талқылау қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға лицензиялық, жер, құрылыс, санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын қолдану тәртібіне қатысты бірыңғай ведомствоаралық түсіндірме әзірлеу ұсынылды.

Сонымен қатар қатысушылар жаңадан ашылатын және қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған балабақшаларға қойылатын талаптарды ажырату, анықталған сәйкессіздіктерді жою үшін өтпелі кезең белгілеу, сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп болмаған жағдайда, тек аяқталмаған әкімшілік рәсімдерге байланысты ұйымның қызметін тоқтатуға немесе оны мемлекеттік білім беру тапсырысынан шығаруға жол бермеу қажет екенін атап өтті.

«Атамекен» ҚР ҰКП сала өкілдерімен бірлесіп бұл мәселелерді бейінді мемлекеттік органдармен талқылауды жалғастырады. Негізгі мақсат – лицензиялау басталғанға дейін бизнес үшін түсінікті әрі бірыңғай талаптарды қалыптастыру және мектепке дейінгі қызмет көрсетудің тұрақтылығын қамтамасыз ету.