Мемлекеттік сатып алуды MAPS әдіснамасы бойынша бағалау: «Атамекен» бизнес пен сарапшылар арасында диалог алаңын ұйымдастырды
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу жүйесін MAPS (Methodology for Assessing Procurement Systems) халықаралық әдіснамасы бойынша бағалап жатқан Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының (ЕТДҚ) сарапшыларымен кездесу өтті.
Кездесуге «Атамекен» ҰКП өкілдері, ЕТДҚ сарапшылар тобы, халықаралық сарапшы, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Талқылау барысында кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде кездесетін өзекті мәселелер мен түйткілдерді ЕТДҚ сарапшыларына тікелей жеткізді. Жеткізушілердің практикалық тәжірибесіне, сондай-ақ сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіруді қажет ететін мәселелерге ерекше назар аударылды.
Бизнестен алынған кері байланыс Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіне жүргізілетін кешенді бағалау барысында сарапшылар тобы тарапынан ескерілетін болады.
Бағалаудың негізгі құралдарының бірі – жеке сектор өкілдері арасында жүргізілетін анонимді сауалнама. Ол кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуға қатысу тәжірибесі туралы барынша объективті көрініс қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сауалнама 41 сұрақтан тұрады, олардың басым бөлігі дайын жауап нұсқаларын таңдауды көздейді. Сауалнаманы толтыру шамамен 15 минут уақыт алады.
«Атамекен» ҰКП мемлекеттік сатып алуға қатысатын кәсіпкерлерді 2026 жылдың 15 қазанына дейін сауалнамадан өтуге шақырады.
Бизнес өкілдері сауалнамаға неғұрлым белсенді қатысса, қорытынды бағалауда кәсіпкерлердің нақты мәселелері мен практикалық тәжірибесі соғұрлым толық көрініс табады.
Сауалнамадан келесі сілтеме арқылы өтуге болады:
Private Sector Survey: https://forms.cloud.microsoft/e/HAm5fFvd26
Сауалнама толығымен анонимді түрде жүргізіледі. Алынған жауаптарға тек MAPS бағалауын жүргізетін сарапшылар тобы ғана қол жеткізе алады.