Жұмыс тобы Ұлытау өңіріндегі кәсіпкерлік нысандарын аралады.
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасының жұмыс тобы кәсіпкерлік нысандарға – «ТауҰлы» ЖШС-нің балық шаруашылығына және брусчатка өндіретін цехқа барды.
Балық шаруашылығының негізін қалаушы Руслан Әден кәсіпорынның жұмысы және балық шаруашылығын жүргізудің ерекшеліктері туралы айтып берді. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Қарсақпай кентінде жұмыс тобы кәсіпкер Әлибек Байтоновтың брусчатка өндіру цехына барды. Кәсіпкер өндірістік процесті көрсетіп, кәсіпорынның қызметі туралы айтып берді.
Сапар барысында кәсіпкерлер өздерін толғандыратын бірқатар проблемалық мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, балық шаруашылығын кеңейту және оның жұмыс жағдайларын жақсарту, сондай-ақ брусчатка өндірісіне қажетті мамандардың тапшылығы мәселелері айтылды. Әлибек Байтонов 2024 және 2025 жылдары «Қазақстанның үздік тауары» байқауының облыстық кезеңіне қатысты. Мұндай көшпелі кездесулер Кәсіпкерлер палатасына аудандардағы кәсіпкерлік нысандардың қызметімен тікелей танысуға және кәсіпкерлердің мәселелерін жергілікті жерде зерделеуге мүмкіндік береді.



