Тәлімгер – жас маманның кәсіби қалыптасуындағы маңызды тұлға
Жас маманның өндірістегі алғашқы қадамы – жаңа ортаға бейімделу, алған білімін тәжірибеде қолдану және кәсіби дағдыларын жетілдіру кезеңі. Осы уақытта тәжірибелі маманның қолдауы мен бағыт-бағдары ерекше маңызды.
Бүгінгі жас маманымыз – Дамир Байдильдинов. Сәтбаев индустриалды-гуманитарлық колледжінің «Токарь» мамандығының түлегі бүгінде «Қазақмыс Мейнтенанс Сервизис» ЖШС-нің ЗГШО зауытында еңбек етіп жүр. Дамирдің кәсіби қалыптасуына өндірістегі тәлімгерлердің тәжірибесі мен қолдауы үлкен ықпал етеді. Тәлімгер жас маманға тек жұмыс барысын үйретіп қана қоймай, жауапкершілікке, еңбек тәртібіне және өз кәсібіне деген сенімге баулиды.
️—Маған жұмысым ұнайды, ұжым да әрдайым қолдау көрсетеді. Жас мамандар үшін тәлімгерлік жүйесі жұмыс істейді. Тәжірибелі қызметкерлер жастарға көмектесіп, өз білімдері мен тәжірибелерін үйретеді – дейді Дамир.
Тәлімгерлік – білім мен тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін көпір.Білікті маманның тәжірибесі жас кадрдың кәсіби шеберлігін қалыптастыруға, өндірістік ортаға тез бейімделуіне және болашақта өз ісінің мықты маманы болуына жол ашады.«Қазақмыс Мейнтенанс Сервизис» ЖШС-нің колледждермен дуальды оқыту бағытындағы ынтымақтастығы да осы үдерістің маңызды бөлігі.
️Студенттер оқу кезінде өндіріс орындарында тәжірибе жинақтап, болашақ мамандығының қыр-сырын іс жүзінде меңгереді. Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындардағы тәлімгерлік институтын дамыту, жас мамандарды қолдау және жастарға кәсіби бағдар беру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.


