Астана кәсіпкерлері мен Иран бизнесі ынтымақтастық перспективаларын талқылады

01.10.2026
Астана кәсіпкерлері мен Иран бизнесі ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында елордалық кәсіпкерлер мен Ираннан келген бизнес-делегация арасында іскерлік кездесу өтті. Делегация құрамында Тебриз сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері, сондай-ақ Шығыс Әзербайжан провинциясының аграрлық және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ұйымдарының басшылары болды.

Кездесуде агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі, азық-түлік өнімдерін өндіру және жеткізу бағыттарындағы іскерлік байланыстарды дамытудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды.

Изображение

Изображение

Иран тарапы бидай, арпа, жүгері, түрлі жемшөп және өсімдік майларын қоса алғанда, азық-түлік өнімдерін жеткізуге қызығушылық білдірді. Сонымен қатар Иран аумағынан тыс жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруді көздейтін бірлескен аграрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесі қаралды.

Елордалық кәсіпкерлер өз компаниялары мен жобаларын таныстырып, қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып, Иран тарапымен ынтымақтастыққа қызығушылықтарын білдірді. Кейбір компаниялар Иранмен қалыптасқан іскерлік байланыстарды кеңейтуді көздесе, енді бірқатары Иран нарығына шығу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруда.

Изображение

Изображение

Келіссөздерді алдағы уақытта салалық ұйымдардың кеңейтілген құрамымен жалғастыру жоспарланып отыр. «Атамекен» ҚР ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Бауыржан Ахметаев келесі кездесуді Қазақстанның Астық одағы және «Атамекен» ҰКП жанында аккредиттелген басқа да салалық қауымдастықтардың қатысуымен ұйымдастыруға Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жәрдем көрсететінін атап өтті.

Мұндай формат Иран бизнесінің өкілдерімен өнім жеткізу мәселелерін нақты талқылауға, ынтымақтастыққа мүдделі серіктестерді анықтауға және бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар келіссөздерді жалғастырып, нақты ұсыныстарды талқылауға көшуге уағдаласты. Келесі кездесуде қатысушылар құрамын кеңейтіп, аграрлық және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықтың нақты мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыру жоспарланып отыр.