Түркістанда тауардың шығу тегін сертификаттау саласының мамандарына арналған оқу бағдарламасы аяқталды
Түркістан қаласында тауардың шығу тегін анықтау және сертификаттау саласында қызмет атқаратын мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқу бағдарламасы өз мәресіне жетті.
Оқу «Тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі уәкілетті тұлға болуға үміткер кандидаттарды, сондай-ақ қолданыстағы уәкілетті тұлғаларды оқыту» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шара офлайн және онлайн форматта өтіп, оған еліміздің әр өңірінен осы бағыттағы мамандар мен кандидаттар қатысты.
Оқу барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының сауда саясаты, преференциялық және преференциялық емес сауда режимдері, тауардың шыққан елін анықтау тәртібі, экспорттық және реэкспорттық тауарларға сертификат беру, мемлекеттік бақылау және верификация рәсімдері бойынша білімдерін жетілдірді.
Сонымен қатар жаңа үлгідегі «СТ-KZ» сертификатын беру тәртібі, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі, Еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізілімі, тауардың шығу тегін сараптау және сараптама актісін беру тәртібі, электрондық сертификаттау жүйесінде жұмыс істеу мәселелері қамтылды. Қатысушылар Documentolog платформасындағы жұмыс алгоритмдерімен танысып, сертификаттар тізілімі мен оларды тексеру порталын пайдалану бойынша практикалық білім алды.

Бағдарлама аясында Қазақстанның халықаралық сауда келісімдері мен тауардың шығу тегін айқындау қағидалары да кеңінен қаралды. Атап айтқанда, Сербия, Иран, Вьетнам, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Индонезия бағытындағы сауда келісімдері, сондай-ақ ТМД елдері арасындағы тауардың шығу тегін анықтау талаптары талқыланды. Шетелдік тәжірибе ретінде Беларусь Республикасындағы сертификаттау практикасы ұсынылды.

Оқу бағдарламасының қорытынды кезеңінде қатысушылар тестілеуден өтіп, білімдерін ауызша емтихан арқылы растады.
Іс-шараның жабылу рәсіміне онлайн форматта «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі Аслан Калигазин қатысып, оқу бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.
«Тауардың шығу тегін дұрыс анықтау – сыртқы сауда рәсімдерінің маңызды бөлігі. Бұл бағыттағы мамандардың кәсіби білімі мен жауапкершілігі отандық өнімнің халықаралық нарыққа шығуына, экспорттық операциялардың ашық әрі талапқа сай жүргізілуіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан мұндай оқыту бағдарламалары теориялық білім берумен шектелмей, күнделікті жұмыста қолданылатын практикалық дағдыларды жетілдіруге бағытталуы маңызды», – деді Аслан Калигазин.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев оқу қатысушыларын бағдарламаны сәтті аяқтауымен құттықтап, алдағы кәсіби қызметтеріне сәттілік тіледі.
Оқу барысында қатысушыларға тауардың шығу тегін сертификаттау саласындағы нормативтік талаптарды терең меңгеріп қана қоймай, тәжірибелік кейстерді талдау, электрондық жүйелермен жұмыс істеу және сертификаттарды ресімдеу үдерісін жан-жақты пысықтауға мүмкіндік берілді.
Бағдарлама қорытындысында оқуын сәтті аяқтаған қатысушыларға тиісті марапаттар табысталды. Жиын барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Тауардың шығу тегін сертификаттау департаментінің директоры Айнұр Күзембаева қатысушыларды марапаттап, олардың кәсіби дамуына тілектестік білдірді.
Түркістанда өткен бұл оқу бағдарламасы тауардың шығу тегін сертификаттау саласындағы мамандардың біліктілігін арттырып, бірыңғай кәсіби тәсілдерді қалыптастыруға және сертификаттау рәсімдерінің сапасын одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды алаң болды.


