Түркістан облысында синтетикалық аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың құрылысы басталды
Түркістан облысында агрохимия саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобаны іске асыру басталды. «Тұран химиялық компаниясы» ЖШС Сауран ауданындағы арнайы экономикалық аймақта синтетикалық аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың іргетасын қалау рәсімін өткізді.
Жобаның құны – 200 млн АҚШ доллары. Кәсіпорын жылына 250 мың тонна синтетикалық аммиак және 300 мың тоннаға жуық карбамид өндіруге қауқарлы болады. Зауыт іске қосылғанда 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жобаның инвесторы Чжан Цихай, компания өкілдері, сала мамандары және өзге де қонақтар қатысты.

Облыс әкімі жаңа өндірістің өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.
– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған, аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін дамыту өндіріс пен қайта өңдеудің толық тізбегін қалыптастыруды талап етеді. Ендігі кезекте агрохимия саласын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Тыңайтқышқа деген ішкі сұраныстың едәуір бөлігі импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Сондықтан осы өнімді елімізде өндіру – ауыл шаруашылығы мен экономика үшін маңызды, – деді Нұралхан Көшеров.

Айта кетейік, 25 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы аясында аталған жобаны іске асыру жөніндегі келісімге қол қойылған болатын.
Іс-шараға Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев та қатысқан болатын. Ол жаңа өндірістің іске қосылуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің дамуына жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті.


Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы отандық тыңайтқыш өндірісін дамытуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.