Алтай ауданындағы мектептерде оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруға мониторинг жүргізілді

01.10.2026
Алтай ауданындағы мектептерде оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруға мониторинг жүргізілді

Мектептегі тамақтану – оқушыларға бекітілген мәзірге сәйкес тамақ берумен ғана шектелмейді. Тамақ өнімдерінің сапасы, санитариялық талаптардың сақталуы, тағамды дайындау технологиясы және тамақтандыру қызметін көрсететін кәсіпкерлердің жұмысы да маңызды талаптардың бірі болып табылады.

Осы талаптардың іс жүзінде орындалу деңгейін зерделеу мақсатында Алтай ауданындағы білім беру ұйымдарында ведомствоаралық сарапшылар тобы мониторинг жүргізді.

Мониторингке Алтай қаласының білім бөлімінің өкілдері және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының Алтай ауданы филиалының директоры Жанар Садықова қатысты.

Сарапшылар Алтай қаласындағы үш білім беру ұйымының – №6 орта мектебінің, №9 орта мектебінің және №1 бастауыш мектебінің тамақтандыру блоктарындағы жұмысты зерделеді.

Жанар Садықованың айтуынша, аталған үш мектептің тамақтандыру блоктары жеке кәсіпкерлерге жалға берілген. Мониторинг барысында оқушылардың тамақтану сапасымен қатар, тамақтандыру қызметін көрсететін кәсіпкерлердің жұмысы және мектеп тарапынан ішкі бақылаудың ұйымдастырылуы қаралды.

Комиссия бракераж комиссияларының жұмысын, қажетті құжаттаманың жүргізілуін, тамақтандыру блоктарының санитариялық жағдайын, бекітілген мәзірдің сақталуын және тамақтану рационына қойылатын талаптардың орындалуын зерделеді.

Сонымен қатар дайын тағамдардың оқушыларға ұсынылар алдындағы бақылау тәртібі және дайын тағамдардың сапасын тіркеу бойынша бракераж журналдарының жүргізілуі тексерілді.

Жанар Садықованың айтуынша, мектептегі тамақтануды ұйымдастыру кезінде талаптардың сақталуымен қатар, тамақтандыру қызметін көрсететін кәсіпкерлердің жұмыс жағдайларын да ескеру маңызды. Мониторинг барысында кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың түсініктілігі мен орындалу мүмкіндігіне қатысты мәселелер де қарастырылды.

Алтай ауданының білім бөлімі ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта ауданда 35 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бастауыш сыныптардың барлық оқушылары, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттарға жататын 372 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілген.