Палата жергілікті бизнестің ірі тапсырыс берушілерге шығуына көмектеседі
Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Темір және Байғанин аудандарына барып, жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен, инвестициялық жобалармен және ауыл кәсіпкерлерінің бастамаларымен танысты. Сапар барысында өндірісті кеңейту, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану және жергілікті бизнес пен ірі кәсіпорындар арасындағы кооперацияны жолға қою мәселелеріне басымдық берілді.
Темір ауданында Палата директоры жергілікті кәсіпкерліктің әлеуетін көрсететін бірнеше нысанды аралады.
Шұбарқұдық ауылында ол көру қабілеті бойынша мүгедектігіне қарамастан, жылыжайда құлпынайдың үш түрін өсіріп, оны өңдеумен айналысатын жеке кәсіпкер Алмагүл Ахметованың отбасылық кәсібімен танысты. Жидектен морс, компот, тосап және пастила өндіріледі. Кәсіпкерге ұлы мен келіні көмектеседі.
Алмагүл Ахметова «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, бизнесті дамытуға грант алған. Сондай-ақ «Бір ауыл - бір өнім» жобасына қатысып, жартылай финалистерге арналған онлайн оқудан өткен. Қазір кәсіпкер құлпынай егілетін аумақты кеңейту үшін қосымша жер учаскесін алуды жоспарлап отыр. Палата өндірісті кеңейту және қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары бойынша консультациялық көмек көрсетеді.

«Арамир» наубайханасында палата директоры «ТК Ар-Амир» ЖШС басшысы Алтынбек Мұстафинмен кездесті. 2024 жылы ашылған кәсіпорында нан-тоқаш және кондитерлік өнімдердің 30-дан астам түрі, сондай-ақ салаттар өндіріледі. Компания өзінің сауда желісін де дамытып келеді.
Кәсіпкер бірыңғай QR-кодтың бизнес үшін тиімділігін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын 100 млн теңге айналым кезінде эквайринг комиссиясы 1,5 млн теңгеге дейін жетсе, қазір кейбір банктерде бұл көрсеткіш 200 мың теңгеге дейін төмендеген. Кәсіпкердің пікірінше, шығынның азаюы үнемделген қаражатты бизнесті дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді.

Темір қаласының маңында Дидар Боранқұлов Руслан Айжарықовтың «Төре қымыз» отбасылық қымыз өндіру кәсібінің жұмысымен де танысты. Шаруашылықта 100 сауынды бие бар. Жаз мезгілінде тәулігіне 400 литрге дейін қымыз өндірілсе, қазіргі уақытта өндіріс көлемі шамамен 100 литрді құрайды. Кәсіпорында екі адам жұмыс істейді.
Кәсіпкердің алдағы жоспары - табиғат аясында демалуға және қымыз ішуге мүмкіндік беретін киіз үйлері мен қажетті инфрақұрылымы бар этнотуристік нысан құру. Жобаны іске асыру үшін қаржылық қолдау қажет. Палата қаржыландырудың қолжетімді тетіктерін қарастыруға жәрдемдесуге дайын.

Байғанин ауданында негізгі назар ірі инвестициялық жоба – «QazCement Industries» ЖШС цемент зауытының құрылысына аударылды. Кәсіпорын жылына 1,3 млн тоннаға дейін цемент өндіреді деп жоспарлануда. Зауытта 360 тұрақты жұмыс орны ашылып, құрылыс кезеңінде 800-ге дейін адамды жұмыспен қамту көзделген. Биыл басталған құрылысты 2027 жылдың қаңтарында аяқтап, кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр.
Жоба Қазақстанның батыс өңірлерін отандық цементпен қамтамасыз етуге бағытталған. Өндірісте жергілікті шикізат - Байғанин ауданындағы мергель, Әйтекеби ауданындағы каолин сазы және Атырау облысының Индер ауданындағы гипс пайдаланылады. Шикізат зауытқа жабық конвейер арқылы жеткізіледі. Инвестор қазақстандық мамандарды оқытуға және ауданның бірқатар әлеуметтік нысандарын қаржыландыруға міндеттеме алған.
Кездесу барысында ӨКП директоры Дидар Боранқұлов жоба өкілдерімен жергілікті тауар өндірушілерді жеткізілімдерге тарту мәселесін талқылады. Қазірдің өзінде құрылыс кезінде Ақтау мен Қызылорда цемент зауыттарының өнімдері, ақтөбелік «Металлинвест» компаниясының металы, Темір ауданындағы Копа ауылының құмы, Мұғалжар ауданынан қиыршық тас, Хромтау мен Қандыағаштың кірпіші, «Экотон» және «Фотон» газоблоктары, сондай-ақ ақтөбелік сылақ өнімдері қолданылуда.
Ынтымақтастықты кеңейту үшін Палата зауыттың қажеттіліктерін ескере отырып, жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін ұйымдастыруды ұсынды. Құрылыс материалдарымен қатар, кәсіпорынның жатақханасы, асханасы және басқа да инфрақұрылым нысандарына азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, шаруашылық тауарлары мен түрлі қызметтер қажет болады. Бұл алаң жергілікті кәсіпкерлерге өз өнімдерін тікелей таныстырып, ұзақ мерзімді жеткізу келісімдерін орнатуға мүмкіндік береді.

Қарауылкелді ауылында Палата директоры «Ақрайыс-2025» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі дамытып отырған BaigAgro агрокешенінің жұмысымен танысты.
Кәсіпкер Руслан Хайырмұқанбетовтің айтуынша, жоба Байғанин ауданынан онға жуық кәсіпкердің Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданына тәжірибе алмасу мақсатында жасаған сапарынан кейін пайда болған. Сапардан соң «Бағлан» және «Ақрайыс» шаруашылықтары бірлесіп өндіріс құруға шешім қабылдаған.
Кешеннің жалпы құны - 120 млн теңге. Оның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген қаржыландыру тартылған. Жобаның бордақылау алаңына қатысты кезеңінің құны - 87 млн теңге. Кешен құрамында жем-шөп қоймасы, 100 жылқыға арналған бордақылау алаңы, оны 300 басқа дейін ұлғайту мүмкіндігі, тәулігіне 15 ірі қара малын союға арналған пункт, ет өңдеу цехы, жұмысшылар жатақханасы, монша және ветеринариялық-тіркеу пункті бар.
Кәсіпкердің мәліметінше, жұмыстардың шамамен 80 пайызы аяқталған, бордақылау алаңы іске қосылған. Жыл соңына дейін мал сою және ет өңдеу цехтарын іске қосу жоспарлануда. Қалған нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Жоба малды бордақылаудан бастап етті өңдеуге дейінгі бірнеше өндірістік процесті бір кешенге біріктіруге мүмкіндік береді.

Байғанин ауданында Дидар Боранқұлов кемпингке де барды. Мұнда асхана жұмыс істеп тұр, ал қонақүйді жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Палата кәсіпкерге жол бойындағы сервис нысандарына арналған санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға берілетін субсидияларды алу мәселесі бойынша консультациялық сүйемелдеу көрсетеді.
Сапар қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов палатаның міндеті бизнеске тек кеңес беру емес, кәсіпкерлерге серіктестер табуға, жаңа нарықтарға шығуға және ірі инвестициялық жобалардың мүмкіндіктерін пайдалануға көмектесу екенін атап өтті.
«Аудандарда өндірісін дамытып, жұмыс орындарын ашып, кәсібін кеңейтуге дайын белсенді кәсіпкерлер көп. Біздің міндетіміз - олардың жанынан табылып, нақты шешімдер табуға, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға және іскерлік байланыстар орнатуға көмектесу. Ірі инвестициялық жобалар инвесторларға ғана емес, жергілікті бизнеске де мүмкіндік беруі маңызды. Жергілікті өндірушілер тауарлар мен қызметтердің тұрақты жеткізушілеріне айналуы үшін кооперацияға ықпал етеміз. Бұл ауыл кәсіпкерлеріне өсіп, жаңа деңгейге шығуға нақты мүмкіндік береді», - деді Дидар Боранқұлов.



