«Атамекен» ҰКП мен Республикалық адвокаттар алқасы тергеу әрекеттері кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі ұсынымдарды таныстырды
«Атамекен» ҰКП алаңында тінту, алу, жауап алу және ұстап алу кезінде әрекет ету тәртібі бойынша әдістемелік ұсынымдардың таныстырылымы өтті. Құжат бизнесті құқықтық ағарту және оның құқықтарын қорғау жұмысы аясында Республикалық адвокаттар алқасы мен Ұлттық палатаның бірлесуімен әзірленді.
Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Аманжол Мұхамедияров, РАА Ғылыми-консультативтік кеңесінің төрағасы Сисенбай Дельманов, РАА Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының төрағасы Артур Төлегенов және кәсіпкерлер мен өңірлік палата өкілдері қатысты.
Әдістемелік ұсынымдар кәсіпкерлерге, ұйымдардың басшылары мен қызметкерлеріне арналған. Олардың негізгі мақсаты – процестік құқықтарды түсіндіру және тергеу әрекеттері жүргізілген жағдайда нақты әрі түсінікті іс-қимыл алгоритмін ұсыну.
Құжатта қадамдық нұсқаулықтар, чек-парақтар, сондай-ақ өтініштердің, өтінішхаттар мен шағымдардың үлгілері қамтылған. Адвокаттың қатысуына, ықтимал заң бұзушылықтарды тіркеуге, мүлікті алып қою тәртібіне, электрондық деректермен жұмыс істеуге және заңмен қорғалатын ақпаратты қорғауға ерекше назар аударылған. Ұсынымдарды қолдану кезінде тұлғаның процестік мәртебесі мен істің нақты мән-жайлары ескерілуі тиіс.
Г. Бижанова ұсынымдарды әзірлеу «Атамекен» ҰКП мен Республикалық адвокаттар алқасы ынтымақтастығының нақты практикалық нәтижесі екенін атап өтті. Вебинарлық платформа кәсіпкерлерге кәсіби түсіндірмелер алуға және бейінді мамандармен нақты жағдайларды талқылауға мүмкіндік берсе, әзірленген әдістемелік материалдар алынған білімді іс жүзінде қолдануға көмектеседі.

Ұсынымдардың негізгі қағидаты – лауазымды тұлғалардың заңды әрекеттеріне кедергі келтірмеу, сонымен қатар өз құқықтарын білу және оларды қорғаудың заңнамада көзделген тетіктерін сауатты пайдалану. Бұл жұмыс «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес келеді және кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Таныстырылым қорытындысы бойынша өңірлік кәсіпкерлер палаталарына әдістемелік ұсынымдарды, оның ішінде аудандардағы кәсіпкерлер арасында кеңінен тарату, сондай-ақ бизнесті консультациялық қолдау барысында пайдалану ұсынылды.
«Атамекен» ҰКП мен Республикалық адвокаттар алқасы бизнесті құқықтық ағарту, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың практикалық құралдарын әзірлеу бағытындағы бірлескен жұмысты әрі қарай жалғастырады.