«Атамекен» мен Дүниежүзілік банк мемлекеттік компаниялардағы корпоративтік басқару мәселелерін талқылады

01.10.2026
«Атамекен» мен Дүниежүзілік банк мемлекеттік компаниялардағы корпоративтік басқару мәселелерін талқылады

 

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Дүниежүзілік банктің өкілдерімен мемлекеттік қатысуы бар кәсіпорындарды басқару және оларға иелік ету жүйесін реформалау мәселелеріне арналған кездесу өтті.

Кездесу Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы жұмыс миссиясы аясында ұйымдастырылды. Миссия мемлекеттік кәсіпорындарды басқару жүйесін жетілдіру және мемлекеттің меншік иесі ретіндегі функцияларын іске асыру саласындағы техникалық көмек көрсету жобасы бойынша жүзеге асырылуда. Миссия аясында Банк сарапшылары мемлекеттік органдармен, ұлттық холдингтермен, жеке сектор өкілдерімен және сарапшылар қауымдастығымен консультациялар өткізуде.

ҰКП алаңында тараптар мемлекеттің меншік иесі ретіндегі рөлін, мемлекет қатысатын компаниялардағы корпоративтік басқарудың сапасын, директорлар кеңестерінің жұмысын, тәуелсіз директорлар институтын, сондай-ақ мемлекеттік компаниялардың тиімділігінің бәсекелестік ортаға ықпалын талқылады.

«Атамекенде» корпоративтік басқару мәселелері Палата жұмысының маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді. «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанында осы саладағы жетекші сарапшылар мен практиктерді, бизнес және кәсіби қоғамдастық өкілдерін біріктіретін Корпоративтік басқару жөніндегі Ұлттық кеңес жұмыс істейді. Кеңес корпоративтік басқаруды дамытуға қатысты жүйелі мәселелерді талқылау және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін сараптамалық алаң болып табылады.

Сонымен қатар, мемлекет қатысатын компанияларды басқару мәселесі кәсіпкерлік қоғамдастық үшін де тікелей маңызға ие. Мемлекеттік компаниялар жеке бизнеспен бір нарықта жұмыс істейді және бірқатар жағдайларда онымен бәсекелеседі. Сондықтан оларды басқару сапасы – мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану мәселесі ғана емес, сонымен қатар бәсекелестік, нарықтың ашықтығы және инвесторлардың сенімі мәселесі.

 

Изображение

«Бүгінде Ұлттық палата корпоративтік басқарудың нақты тетіктеріне тікелей қатысып келеді. «Атамекен» ҰКП мен Корпоративтік басқару жөніндегі Ұлттық кеңестің өкілдері мемлекет 100 пайыз қатысатын компанияларға тәуелсіз директорларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның құрамына кіреді. Сонымен қатар, Палата мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқаруды тәуелсіз бағалауды жүргізуге арналған техникалық тапсырмаларды келісуге қатысады. Ұлттық кеңес жанында корпоративтік басқару практикасына жыл сайынғы шолу дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Біз үшін бұл тақырыпты жай ғана талқылау емес, мықты кәсіби қоғамдастықтың қатысуымен жүйелі жұмыс қалыптастыру және алдағы реформалар барысында бизнестің ұстанымын ескеру маңызды», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин.

Кездесудің негізгі мәселелерінің бірі тәуелсіз директорларды конкурстық негізде іріктеу тетігі болды. Тараптар мемлекет қатысатын компаниялардың директорлар кеңестерінің сапасын арттыру үшін бұл тетікті одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті.

 

Изображение

«Тәуелсіз директорларды конкурстық негізде іріктеу тетігінің енгізілуін оң бағалаймыз. Бұл тәсіл іріктеу процесінің ашықтығын арттырып, кәсіби талаптарды күшейтуге және директорлар кеңесі мүшелерінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар, тәжірибе көрсеткендей, тетікті одан әрі жетілдіру қажет. Атап айтқанда, кандидаттарға қойылатын критерийлерді, іріктеу рәсімдерін және олардың құзыреттерін бағалау тәсілдерін жетілдіру мәселелері бар», – деді Корпоративтік басқару жөніндегі Ұлттық кеңестің төрағасы Қамбар Омаров.

Осы бағыттағы жұмысты жалғастыра отырып, ҰКП өкілдері тәуелсіз директорларды іріктеу жүйесін одан әрі дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарды атап өтті.

 

Изображение

 

«ҰКП-ның тәуелсіз директорларды іріктеу қағидаларын одан әрі жетілдіру, сондай-ақ тәуелсіз директорлар мен корпоративтік хатшылардың тізілімін, оларды оқыту және сертификаттау жүйесін дамыту бойынша ұсыныстары бар», – деді «Атамекен» ҰКП Бизнес реттеуді дамыту департаментінің директоры — Атқарушы директор Динара Ақынбекова.

 

Кездесу барысында Палата өкілдері мемлекеттің меншік иесі ретіндегі функцияларын, директорлар кеңесі мен менеджменттің міндеттерін нақты ажыратудың маңыздылығын атап өтті. Акционер ретіндегі мемлекет компанияның мақсаттары мен күтілетін нәтижелерін айқындауы тиіс, директорлар кеңесі – стратегия мен бақылауға жауап береді, ал менеджмент – операциялық қызметке жауапты.

 

Изображение

 

Тараптар корпоративтік басқару саласындағы халықаралық тәжірибеге де ерекше назар аударды. Атап айтқанда, директорлар кеңестерінің нақты тәуелсіздігі мен кәсібилігін қамтамасыз ету, олардың мүшелерін даярлау және корпоративтік басқару сапасын бағалау мәселелері талқыланды.

ҰКП өкілдері Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы мемлекет қатысатын кәсіпорындарды басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсынымдарын әзірлеу барысында жеке сектордың ұстанымын ескерудің маңыздылығын атап өтті.