Бизнесті қолдау – бір жерде

02.10.2026
Бизнесті қолдау – бір жерде

«Даму» қорының Ашық есік күнінде кәсіпкерлер бір алаңда бизнесті қолдаудың бірнеше бағыты бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Кездесуге ШҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысып, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы айтып, консультациялық және сервистік қолдау көрсетті. Кәсіпкерлерді, соның ішінде, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу шарттары, қаржыландыру мүмкіндіктері және құжаттарды дайындау кезінде туындайтын мәселелер қызықтырды.

Мұндай формат, ең алдымен, бизнестің өзі үшін ыңғайлы: әртүрлі ұйымдарға жеке-жеке жүгінудің қажеті жоқ, кәсіпкер өз мәселесімен келіп, негізгі сұрақтарына сол жерде жауап ала алады. Қатысушылардың белсенділігіне қарағанда, қолдау шараларына деген қызығушылық әлі де жоғары.

Кездесуде бизнесті цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев кәсіпкерге қажетті сервистерді бір кабинетте біріктіретін жаңа Business GO платформасын таныстырды.

Бүгінде ШҚО-ның 10-ға жуық кәсіпкері Business GO сервисіне қосылып, платформаның мүмкіндіктерін іс жүзінде сынап жатыр. Алғашқы әсерлерінің қатарында – қолданудың қарапайымдылығы мен қолайлылығы.

«Жұмысқа қажетті құралдар мен бизнестің ерекшелігіне байланысты функциялардың барлығы бір жерде жинақталған», – дейді кәсіпкерлер.