Қарағандыда кәсіпкерлерге ChatGPT көмегімен жарнаманы қазақ тіліне бейімдеу жолдары көрсетілді
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдеріне арналған практикалық воркшоп өтті.
Жарнамалық мәтінді қазақ тіліне сөзбе-сөз аудармай, аудиторияға түсінікті әрі табиғи етіп бейімдеу жолдары Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен «Сауатты жарнама – сапалы қызмет» практикалық воркшопында талқыланды.
Іс-шараны Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы мен «Ресурстық тіл орталығы» КММ ұйымдастырды. Кездесу офлайн және онлайн форматта өтті.
Воркшоптың негізгі тақырыбы - жарнамалық мәтіндерді қазақ тілінде әзірлеу және бейімдеу кезінде ChatGPT мүмкіндіктерін пайдалану. Қатысушыларға нейрожелімен жұмыс істеу мүмкіндіктері көрсетіліп, қазақтілді аудиторияның ерекшеліктерін ескере отырып, мәтін дайындау тәсілдері түсіндірілді.
Іс-шара барысында аударма мен тілдік бейімдеудің айырмашылығына ерекше назар аударылды. Жарнаманы бір тілден екінші тілге сөзбе-сөз аудару жеткіліксіз. Мәтін бастапқы мағынасын сақтай отырып, қазақ тілінің табиғи қолданысына сай әрі тұтынушыға түсінікті болуы қажет.
Практикалық бөлімді экономика ғылымдарының магистрі, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің оқытушысы Азамат Жансеитов жүргізді.
«ChatGPT жарнамалық және ақпараттық мәтіндермен жұмыс істеуді едәуір жеңілдете алады. Алайда нәтиже тапсырманың қаншалықты дұрыс қойылғанына тікелей байланысты. Аудиторияны, мәтіннің мақсатын, стилі мен контекстін нақты көрсету маңызды. Ал алынған нәтижені тіл нормаларына сәйкес міндетті түрде тексеріп, редакциялау қажет», — деді Азамат Жансеитов.
Қатысушыларға сондай-ақ «Сауатты жарнама – сапалы қызмет» әлеуметтік жобасы таныстырылды. Жоба мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпарат пен жарнаманың сапасын арттыруға бағытталған.
Жоба 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2026 жылы оның аясында 2 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысанын қамту жоспарланған. Жұмыстың негізгі бағыты — қателерді анықтаумен ғана шектелмей, кәсіпкерлерге әдістемелік және практикалық көмек көрсету.
Жоба үйлестірушісі, «Qaz Tilіn» орталығының жетекшісі Гүлназ Мұстафакулова кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тетіктері туралы айтып, жарнамалық және көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде сауатты рәсімдеудің маңызын атап өтті.
Воркшоптың тағы бір бөлігі жарнама және мемлекеттік тілді қолдану саласындағы заңнама талаптарына арналды. Кәсіпкерлерге маңдайшалар, жарнамалық материалдар және басқа да көрнекі ақпаратты орналастыру кезінде ескерілетін талаптар түсіндірілді.
Жоба аясында кәсіпкерлерге кеңес беру және сапалы аударма бойынша көмек көрсету тетіктері де қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдегі мәтіндерді сапалы аударуға арналған тегін кеңес беру желісі жұмыс істейді. Сондай-ақ Telegram-бот арқылы түсіндірме алуға және дайын аударма базасын пайдалануға болады.
Қатысушылар практикалық мысалдарды талқылап, жарнамалық мәтіндерді әзірлеу және цифрлық құралдарды пайдалану бойынша сұрақтарын қойды.
Кәсіпкерлерге арналған практикалық кездесулер жалғасады. Келесі аптада бизнес өкілдері үшін ChatGPT және цифрлық құралдарды контент әзірлеуде қолдануға арналған тағы бір воркшоп өткізу жоспарланып отыр.
Осылайша, Қарағанды облысында мемлекеттік тілдегі жарнаманың сапасын арттыру жұмысы тіл мамандарының кәсіби қолдауын заманауи цифрлық технологиялармен ұштастыра отырып жалғасуда.