Өңірлік палатада астықтың сатып алу бағасы мен жаңа маусымға әзірлік барысы талқыланды
Орақ науқанының алдын ала қорытындысы мен күздің басты қаржылық мәселесі — «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның астықты сатып алу бағасы Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының АӨК және тамақ өнеркәсібі салалық кеңесінің кезекті отырысында талқыланды. Кездесуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Ақмола облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ренат Қасеновтің мәліметінше, өңір күзгі дала жұмыстарын мәресіне жақындатып қалды. Қыркүйектің соңына қарай аграрийлер гектарынан орташа есеппен 14 центнерден өнім алып, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 90,3%-ын орып жинады. Толайым өнім көлемі 5,7 млн тоннаны құрады. Ақмолалық диқандардың айрықша мақтанышы — өнім сапасы: жиналған өнімнің 90%-ға жуығы 3-сыныпты бидайға тиесілі, оның 70%-ы — «Hi-Pro» санатындағы жоғары ақуызды премиум дән. Майлы дақылдарды жинау да 70 пайыздық межені еңсеріп, жарты миллион тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды. Өңірдегі 67 элеватор мен 264 дән кептіргіштен тұратын инфрақұрылым жүктемені толық көтеріп тұр, ал 2027 жылғы өнімге арналған тұқым қоры 100%-ға әзірленді.
«Ақмола облысының аграрийлері үшін уақтылы жинап-терип алу — тек өнімді жиынтықтау емес, сонымен бірге қордаланған мәселелерді: ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, сатып алу бағасы, қаржыландыру, сақтандыру, егінді сақтау, сондай-ақ 2027 жылғы көктемгі дала жұмыстарына әзірлікті сараптау кезеңі. Бүгінгі диалог өзекті сауалдарды саралап қана қоймай, өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге септігін тигізетін нақты ұсыныстар мен шешімдерді тұжырымдауға мүмкіндік береді деп сенемін», — деп атап өтті Өңірлік кеңестің төрағасы Қуаныш Ракишев.
Күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша Продкорпорацияның сатып алу тарифтерін талқылау болды. Бұл бағдарламаға ұлттық оператор биыл 32 млрд теңгеге жуық қаражат бағыттаған. Нарықтағы маусымдық бағаның төмендеуі фонында мемлекеттік бағалар фермерлердің табыстылығына кепілдік беріп, демпингтен қорғайтын қалқанға айналуы тиіс.
Өнімнің тоннасына белгіленген баға келесідей: клейковинасы жоғары 3-сыныпты бидай 115 мың теңгеден өткізіледі, 3-сыныпты стандартты партиялар 92–96 мың теңгеге бағаланады, ал 4 және 5-сыныпты қатардағы дән — 75 мыңнан 82 мың теңгеге дейін. Қатты бидай тоннасына 90 мың теңгеден, ал 2-сыныпты арпа 75 мың теңгеден қабылданады.
Егін мен бағадан бөлек, отырысқа қатысушылар шаруашылықтардың экономикасына тікелей әсер ететін өзге де өзекті мәселелерді ортаға салды. Олардың қатарында егістікті киіктердің таптауынан қорғау, Dalaway сандық сауда платформасын енгізу, агросақтандыруды жетілдіру және 2027 жылғы көктемгі дала мен жиын-терім жұмыстарын ерте қаржыландыру механизмдеріне көшу бар.
Кездесу қорытындысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы артық көлік шығындарын болдырмау үшін облыстың шалғай аудандарындағы астық қабылдау кәсіпорындарын Продкорпорацияның уәкілетті элеваторлар желісіне енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, бейінді басқармаға келесі ауыл шаруашылығы маусымында қайталанбауы үшін биылғы орақ науқанында туындаған жүйелі мәселелер тізілімін қалыптастыру тапсырылды.
«Аграрлық сектор — облысымыз экономикасының діңгегі. Біздің міндетіміз — логистика мен бағадағы қиындықтарды жай ғана тіркеп қою емес, бизнестің Продкорпорациямен және мемлекеттік органдармен тікелей әрі тиімді сұхбатын жолға қою. Уәкілетті элеваторлар желісін кеңейтуден бастап, 2027 жылғы орақ науқанын ерте қаржыландыру тетіктеріне дейінгі айтылған барлық бастаманы Палата өңір фермерлерін қолдау мақсатында өз бақылауы мен сүйемелдеуіне алады», — деп түйіндеді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Ақылбек Смағұлов.
