Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеудің жаңа тәртібі түсіндірілді

02.10.2026
Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеудің жаңа тәртібі түсіндірілді

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында өндірістік объектілердің санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеуге қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер түсіндірілді.

Кездесуде Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Баян Есембаева баяндама жасады.

Негізгі мәселелердің бірі – 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексінің күшіне енуі. Осыған байланысты санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеу тәртібі өзгерді. Бұған дейін қолданылған екі кезеңді тетік бір кезеңді тәртіпке ауыстырылды.

Енді жаңа және реконструкцияланатын объектілер үшін санитариялық-қорғау аймағы жобалау кезеңінде жобалау құжаттамасына жүргізілетін кешенді ведомстводан тыс сараптама шеңберінде аттестатталған сарапшылармен белгіленеді. Сонымен қатар заңнамада бұрын қолданылған «есептік (алдын ала)» және «белгіленген (түпкілікті)» санитариялық-қорғау аймақтары ұғымдары алынып тасталды.

Мемлекеттік органдардың өкілеттіктері де қайта бөлінді. Комитеттің аумақтық бөлімшелері пайдалануға берілген объектілердің санитариялық-қорғау аймақтарының мөлшерін өзгерту, олардың сақталуын бақылау, тұрғын аймақтағы атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізу және өндірістік бақылауды жүзеге асыру бойынша өкілеттіктерін сақтайды. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген объектілер үшін өтпелі ережелер шеңберінде санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеу осы бөлімшелердің құзыретіне берілді.

Кездесу барысында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қатысты тәртіпке де жеке тоқталды. Мұндай объектілер үшін санитариялық-қорғау аймағы жобалау құжаттамасы, бір жылдық циклдегі табиғи зерттеулердің нәтижелері және физикалық әсер ету деңгейлерін бағалау негізінде айқындалады. Оларға шу, діріл, сондай-ақ тиісті көздер болған жағдайда электромагниттік өрістер жатады. Зерттеулер бір жыл бойы жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынады.

Кездесу барысында кәсіпкерлер жаңа талаптарды іс жүзінде қолдануға қатысты сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған объектілер үшін санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеу, қажетті құжаттарды рәсімдеу және бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаев жаңа талаптарға көшу кезеңінде бизнес пен бейінді мемлекеттік органдар арасында тікелей диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу кәсіпкерлерге заңнамадағы өзгерістер бойынша түсініктеме алуға және санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеу мен өзгерту барысында туындайтын практикалық мәселелерді көтеруге мүмкіндік берді.