«Атамекен» ҰКП отандық бизнес үшін халықаралық мүмкіндіктерді кеңейтуде
«Атамекен» ҰКП қазақстандық бизнесті жаһандық нарықтарға шығарудың басты институционалдық драйвері әрі бағыт-бағдар берушісі ретінде қызмет етеді.
Бүгін Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық экспортты және халықаралық кооперацияны ілгерілету бойынша негізгі платформа мәртебесін бекіте отырып, «Ауқымдау: халықаралық нарықтарға шығу» қарқынды шеберлік сабағын ұйымдастырды. Іс-шара барысында «Іскерлік байланыстар» құралының түлектері – шетелдік жетекші кәсіпорындарда тақырыптық тағылымдамадан өткен шағын және орта бизнес басшылары бір жерге жиналды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен Палата іске асырып жатқан бұл құрал бүгінде қазақстандық кәсіпкерлік пен халықаралық іскерлік орта арасындағы стратегиялық көпір қызметін атқарып отыр.



Өз ресурстары мен сараптамалық базасын тиімді пайдалана отырып, «Атамекен» ҰКП тек тағылымдамалар өткізумен шектелмей, кәсіпкерлердің Қазақстанға оралуынан кейін де үздіксіз қолдау көрсетеді. Палата қатысушыларға шетелде алған білімдері мен байланыстарын нақты экспорттық келісімшарттарға және тұрақты серіктестікке айналдыруға көмектеседі. Практикум аясында ҰКП сарапшылары қатысушыларды «Шекарасыз бизнес» интерактивті бизнес-симуляциясына тартты. Онда кәсіпкерлер жаңа нарықтарға шығудың нақты сценарийлерін қарастырды: экспорттық стратегияларды қалыптастыру мен B2B-келіссөздерден бастап, сату жүйелерін халықаралық стандарттарға бейімдеуге дейінгі кезеңдерді пысықтады.


Атқарылған жұмыстың басты практикалық нәтижесі – әрбір қатысушының нысаналы нарықтарға шығуға арналған «Халықаралық мүмкіндіктер картасын» (қадамдық жеке жол картасын) әзірлеуі болды.
«Атамекен» ҰКП қазақстандық бизнестің шетелдегі мүддесін қорғау, оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ел экономикасы үшін жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыра береді.


Анықтама үшін: «Іскерлік байланыстар» құралы – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен іске асырылатын, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға арналған мамандандырылған бағдарлама. Жоба шетелдік серіктестермен тікелей кооперация орнатуға, топ-менеджерлердің біліктілігін арттыруға және озық технологиялар трансфертіне бағытталған. Құрал шеңберінде қазақстандық кәсіпкерлер бейінді оқытудан өтіп, халықаралық жетекші кәсіпорындарды аралай отырып, шетелдік бизнес-тағылымдамаларға қатысады.