Қарағанды облысында жеңіл өнеркәсіптегі отандық өнім үлесін арттыру жолдары талқыланды

02.10.2026
Қарағанды облысында жеңіл өнеркәсіптегі отандық өнім үлесін арттыру жолдары талқыланды

Қарағанды облысында отандық тауар өндірушілермен салалық кездесулер жалғасуда. Кезекті басқосу жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдерімен өтті. Кездесуде саланың қазіргі жағдайы, даму мүмкіндіктері және жергілікті өнімге сұранысты арттырудың нақты тетіктері талқыланды.

Кәсіпкерлер палатасында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдерімен кездесті. Жиынға Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Газалиев, Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов, Өңірлік кеңес төрағасы Владимир Алескеров, сала кәсіпорындарының өкілдері және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мамандары қатысты.

Кездесудің басында Асқар Газалиев өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің негізгі көрсеткіштерін таныстырды. Қазіргі таңда облыста салада 113 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның біреуі – ірі, біреуі – орта және 111-і – шағын кәсіпорын.

Жылдың тоғыз айында кәсіпорындар 5,9 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өндіріс көлемінің нақты индексі 143,7 пайызды құрады. Жыл соңына дейін өндіріс көлемін 10,5 млрд теңгеге жеткізу және өсімді кемінде 45 пайызға арттыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіптің өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі әзірге 0,16 пайызды, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 0,2 пайызды құрайды. Бұл салада өсім бар болғанымен, оның даму әлеуеті әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Кездесуде негізгі мәселелердің бірі – өткізу нарығын кеңейту болды. Кәсіпорындар үшін өндірістік қуатты арттырумен қатар, дайын өнімге тұрақты сұраныстың болуы маңызды.

Талқылау барысында «ЕСКО» ЖШС директоры, Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Жеңіл өнеркәсіп кеңесінің төрағасы Андрей Шмарин жергілікті өндірістегі мектеп формасын енгізу бойынша пилоттық жобаның нәтижелерін таныстырды.

Жоба Кәсіпкерлер палатасының білім бөлімдері, мектептер және жергілікті өндірушілермен бірлескен жұмысы негізінде жүзеге асырылуда. Оған облыстағы 12 мектеп қатысты.

Жалпы 8,6 мың оқушының 4 870-і немесе 56,6 пайызы отандық өндірісте тігілген мектеп формасын сатып алған. Барлығы 6 730 бұйым – теннискалар, бомберлер, белдемшелер мен шалбарлар сатылған.

Жобаның экономикалық нәтижесі – 75 млн теңге көлеміндегі тауар айналымы. Есептік салық түсімдері 4,5 млн теңгені құрады. Бұл ретте қаражат өңірде қалып, жергілікті өндірісті қолдауға мүмкіндік береді.

Пилоттық жоба нарықтың әлеуетін де көрсетті. Бүгінде облыста 411 мектепте шамамен 175 мың оқушы білім алады. Жоба аясында жергілікті өндірушілер 4 870 оқушыны мектеп формасымен қамтамасыз еткен. Бұл облыстағы оқушылардың жалпы санының шамамен 3,7 пайызы.

Демек, жобаның ауқымын ішінара кеңейтудің өзі кәсіпорындарға жаңа өндірістік модель құрмай-ақ қосымша тапсырыстар алуға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер үшін бұл тек дайын өнімді өткізу мәселесі емес. Тұрақты тапсырыс өндірістік қуаттарды жоспарлауға, жұмыс орындарын сақтауға және өндірісті одан әрі дамытуға инвестиция салуға мүмкіндік береді.

Кездесудің тағы бір бөлігі мемлекеттік қолдау шараларына арналды.

«Даму» қорының өкілдері өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына арналған қолданыстағы қаржылық құралдар туралы ақпарат берді. Қолдау көрсетілетін бағыттардың қатарында тоқыма, киім, трикотаж бұйымдары мен аяқ киім өндірісі бар.

Кәсіпкерлерге «Өрлеу Лизинг» бағдарламасы да таныстырылды. Бағдарлама аясында шағын және орта бизнес субъектілері құрал-жабдық сатып алып, өндірістік базасын жаңарта алады. Өңдеу өнеркәсібіндегі жобалар үшін бір кәсіпкерге 500 млн теңгеге дейін қаржыландыру қарастырылған. Мөлшерлеме – 12,6 пайыз, лизинг мерзімі – 36 айдан 60 айға дейін, бастапқы жарна – 10 пайыздан.

Жеңіл өнеркәсіп үшін нарықтағы сұраныс пен өндірісті жаңғырту мүмкіндігінің қатар жүруі маңызды. Тұрақты тапсырыс кәсіпорындардың өндірістік қуатын толық пайдалануға мүмкіндік берсе, қолжетімді қаржыландыру өндіріс көлемін ұлғайтып, заманауи жабдықтарды енгізуге жол ашады.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарымен өткен кездесу Қарағанды облысының отандық тауар өндірушілерімен ұйымдастырып отырған салалық кездесулер сериясының жалғасы болды.

Мұндай форматта әр саланың нақты қажеттіліктері – өткізу нарығы, өндірістік кооперация, қаржыландыру және өндірісті жаңғырту мәселелері талқыланады.

Бұған дейін дайын металл бұйымдарын өндірушілермен осындай кездесу өткен болатын. Алдағы уақытта бұл формат өңірдің басқа да салаларының өкілдерімен жалғасын табады.