Өскеменнен – Ресей мұз айдынына: ШҚО өндірушісі жаңа экспорттық нарыққа шықты
Шығыс Қазақстанда өндірілген спорттық форма Ресейдің кәсіби хоккей нарығына шықты. Өскемендік «Альприма» ЖШС Ресейде ресми экспорттық келісімшарт жасасты: 2026/2027 жылғы маусымда Барнаул қаласының «Динамо-Алтай» хоккей клубы қазақстандық өндірушінің экипировкасымен өнер көрсетеді.
Компания басшысы Андрей Дегунковтың айтуынша, кәсіпорын үшін бұл келісімшарт кезекті тапсырыс қана емес. Бұл – кәсіби хоккей экипировкасына ерекше талаптар қойылатын жаңа нарықта өз өнімін сынап көру мүмкіндігі. Мұнда материал мен тігін сапасынан бастап, форманың салмағы, денеге қонымдылығы және ойын кезінде спортшыға қаншалықты ыңғайлы екеніне дейін ескеріледі.
«Альприма» Өскеменде 15 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді және спорттық киім мен командалық экипировка өндіруге маманданған. Мұнда спорттық костюмдер, футболкалар, шорттар, күрес трикосы, хоккей джерсилері мен гетрлер тігіледі. Сонымен қатар кәсіпорын клубтық форманың жеке дизайнын әзірлейді, цифрлық баспа, жібек баспа, термотрансфермен айналысады, спорттық атрибутика мен кәдесый өнімдерін шығарады.
Осы жылдар ішінде өскемендік өндіруші спорттың түрлі саласындағы командалармен жұмыс істеп үлгерді. Олардың қатарында хоккейшілер, волейболшылар, баскетболшылар, жеңіл атлеттер мен балуандар бар. Кәсіпорын тіпті Токиода өткен Олимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасының ауыр атлеттері үшін спорттық киім дайындаған.
Қазақстандық өндірушінің формасын ұлттық жарыстардан да көруге болады. Мәселен, «Құлагер» хоккей клубының джерсилерін дайындау да «Альпримаға» сеніп тапсырылған.
Айта кету керек, жаңа келісім кәсіпорын үшін алғашқы экспорттық келісімшарт емес. Бұған дейін компания «Киргизия» командасының ойыншыларына форма дайындаған.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, ойыншылардың өздерінен алынатын кері байланыс ерекше маңызды. Хоккейшілер форманың сыртқы келбетін ғана емес, ең алдымен оның ыңғайлылығын, жеңілдігін және денеге қонымдылығын бағалайды. Өндіруші үшін дәл осы сипаттамалар өнім сапасының тәжірибедегі нақты бағасына айналады.
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында мұндай мысалдар ең алдымен жергілікті өндірісті дамыту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
«Өңірлік кәсіпорын Қазақстаннан тыс жерден тапсырыс алса, бұл оның өнімінің тек бағамен ғана емес, сапасымен де бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Әсіресе, бұл жерде шикізат емес, қазақстандық қамту үлесі жоғары дайын өнім туралы сөз болып отырғаны маңызды. Мұндай келісімшарттың артында осында, Шығыс Қазақстанда орналасқан өндіріс, жұмыс орындары, мамандардың біліктілігі және өткізу нарығын одан әрі кеңейту мүмкіндігі тұр. Шағын және орта өндірістік бизнес үшін экспортқа шығу – дамудың маңызды кезеңі», – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.
«Альприманың» тарихы осы тұрғыдан алғанда өңірлік бизнес үшін жақсы мысал бола алады: шағын партиялардан бастап, технологиялық мүмкіндіктерді біртіндеп арттыру, отандық командалармен жұмыс істеу және кейін өз өнімін елден тыс нарықтарға шығару.