«е-КТРМ» жүйесінде сынақ хаттамаларын тіркеу: бизнес тіркеу тетігі мен жүйенің дайындығына қатысты ұсыныстарын айтты
«е-КТРМ» – техникалық реттеу саласындағы ақпараттық жүйе. Оның ішінде сынақтар мен өлшеулер хаттамаларының тізілімі жүргізіледі. Жүйеде ЕАЭО пен Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігі туралы декларациялар мен сертификаттарды рәсімдеу кезінде пайдаланылатын сынақ хаттамалары тіркеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растау үшін жүргізілген сынақ нәтижелерін цифрлық форматта тіркеуге мүмкіндік беретін жүйе.
«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында сынақтар мен өлшеулер хаттамаларын «е-КТРМ» ақпараттық жүйесінде тіркеу мәселелері бойынша кеңес өтті. Талқылауға сынақ зертханаларының 180-нен астам өкілі, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің, Техникалық реттеу және метрология комитетінің, сондай-ақ салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мәселелерінің бірі – Сәйкестікті бағалау қағидаларына сәйкес «е-КТРМ» ақпараттық жүйесінде сынақ хаттамаларын тіркеу талабын іске асыру. «Атамекен» ҚР ҰКП Техникалық реттеу департаментінің директоры – Басқарушы директор Ерік Жалманбетов қазіргі уақытта сынақтар мен өлшеулер хаттамаларын жүйеде барлық сынақ зертханалары бірдей тіркемейтінін атап өтті.
Сынақ зертханалары мен салалық қауымдастықтардың өкілдері аталған талапты қолдану тәртібін қосымша пысықтау қажеттігін айтты. Атап айтқанда, уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан Тізілімде нақты қандай хаттамалар және қандай зертханалар тіркеуге міндетті екеніне қатысты ресми түсіндірме беру қажеттігі атап өтілді.
Кездесуде «е-КТРМ» ақпараттық жүйесінің техникалық дайындығына да ерекше назар аударылды. Қатысушылардың айтуынша, хаттамаларды жаппай тіркеу басталған жағдайда қолданыстағы жүйеге түсетін жүктеме айтарлықтай артуы мүмкін. Сонымен қатар жүйенің кідіруі, хаттамаларға қол қою, үлгілерді пайдалану және тиісті тізілімдерден мәліметтерді таңдау барысында қиындықтар туындайтыны айтылды.
Сынақ зертханалары қызметкерлеріне пайдаланушы аккаунттарын ашу мәселесі де көтерілді. Қатысушылардың бағалауынша, жүйенің қазіргі жағдайын ескере отырып, бұл рәсім шамамен бір айға дейін уақыт алуы мүмкін.
Талқылау барысында хаттамаларды жаппай тіркеу «е-КТРМ» ақпараттық жүйесіне түсетін жүктемені едәуір арттыруы ықтимал екені атап өтілді. Осыған байланысты қатысушылар қолданыстағы техникалық мәселелер толық жойылып, жүйенің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілгенге дейін Сынақ хаттамаларының тізілімін енгізу мерзімін кейінге қалдыру мәселесін қарауды ұсынды.
Сонымен бірге аккредиттеу субъектілері хаттамаларды тіркеу процестерін цифрландыруды қолдайтынын білдірді. Бұл ретте олардың пікірінше, цифрлық жүйе тұрақты жұмыс істеуге тиіс және техникалық тапсырма сынақ зертханаларының қатысуымен алдын ала бірлесіп пысықталуы қажет.
Талқылаудың тағы бір маңызды бағыты ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге арналды. Қатысушылар жүйеге енгізілетін деректердің қорғалуына қатысты мәселені көтерді. Олардың айтуынша, қолданыстағы тетік жағдайында енгізілетін ақпарат жүйенің басқа пайдаланушыларына іс жүзінде қолжетімді болуы мүмкін. Осыған байланысты мәселені ГОСТ ISO/IEC 17025-2019 стандартының талаптарына және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің ережелеріне сәйкестігі тұрғысынан қосымша бағалау ұсынылды.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті өкілі ЕАЭО пен Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері талаптарына сәйкестік туралы декларациялар мен сертификаттарды рәсімдеу кезінде пайдаланылатын сынақ хаттамалары міндетті тіркеуге жататынын түсіндірді. Ал сәйкестікті бағалаудың ерікті құжаттарын рәсімдеу үшін пайдаланылатын хаттамалар Тізілімге енгізілмейді.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің ақпаратына сәйкес, тиісті норманы одан әрі қолдануға қатысты түпкілікті шешім, оның ішінде норманың қолданылуын уақытша тоқтату мүмкіндігі туралы шешім 2026 жылғы қазан айында қабылданады деп жоспарланып отыр.
Кеңес қорытындысы бойынша жақын арада «Атамекен» ҚР ҰКП, Техникалық реттеу және метрология комитетінің, сынақ зертханалары мен мүдделі ұйымдардың қатысуымен қосымша талқылау өткізу туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты – сынақ хаттамаларын «е-КТРМ» жүйесінде тіркеу талабын қолдану тәртібіне қатысты түпкілікті ұстанымды айқындау.
Сонымен қатар «е-КТРМ» ақпараттық жүйесіндегі Сынақ хаттамалары тізілімінің модулін одан әрі жетілдіру үшін «Атамекен» ҚР ҰКП, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің, Техникалық реттеу және метрология комитетінің, салалық қауымдастықтар мен сынақ зертханалары өкілдерінен фокус-топ құру туралы шешім қабылданды.