«Атамекен» ЦАРЭС палаталары альянсының алғашқы отырысында Қазақстанның мүддесін таныстырды

05.10.2026
«Атамекен» ЦАРЭС палаталары альянсының алғашқы отырысында Қазақстанның мүддесін таныстырды

Ұлан-Батыр қаласында Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ЦАРЭС) елдерінің сауда палаталары альянсының алғашқы отырысы өтті. Қазақстан тарапынан іс-шараға «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қатысты.

Альянсты құру туралы өзара түсіністік туралы меморандумға 30 қыркүйекте қол қойылды. Жаңа формат ЦАРЭС елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары мен жетекші бизнес-құрылымдарын біріктіріп, өңірлік іскерлік ынтымақтастықты дамытуға, сауда көлемін кеңейтуге және инвестиция тартуға арналған тұрақты алаң қалыптастыруды көздейді.

Алғашқы отырыс барысында Альянстың алдағы қызметінің негізгі бағыттарын айқындайтын хаттамаға қол қойылды. Оның ішінде нарықтық ақпарат пен тәжірибе алмасу, іскерлік кездесулер, сауда көрмелері мен бизнес-миссиялар ұйымдастыру, сондай-ақ өңір елдерінің компаниялары арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдесу көзделген.

Изображение

2026 жылы Альянсқа Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы Төрағалық етсе, Пәкістанға вице-төрағалық берілді.

«Жаңа өңірлік механизм қазақстандық бизнеске ЦАРЭС елдерінің нарықтарына шығуға, жаңа серіктестер табуға және бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілетуге қосымша мүмкіндік береді. Бұл ретте көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Өңірлік көлік дәліздерін дамыту, мультимодальды тасымалдарды жетілдіру және сауда кедергілерін азайту бағытындағы бірлескен жұмыс қазақстандық компаниялардың сыртқы нарықтарға шығуын кеңейтіп, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға жол ашады», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Логистика және тасымалдау департаменті директорының орынбасары Қуаныш Ермұханов.

Изображение

Инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту да Альянс жұмысының маңызды бағыттарының бірі болмақ. Қазақстан тарапы өңірлік серіктестерге көлік, энергетика, өңдеу өнеркәсібі және басқа да басым салалардағы жобаларды таныстырып, трансшекаралық қаржыландыру мен инвестиция тартуға қолайлы жобаларды қалыптастыру мәселелерін талқылай алады.

Альянстың негізгі практикалық құндылығы – ЦАРЭС елдерінің бизнесі үшін тұрақты өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыру. Бұл қазақстандық кәсіпкерлерге шетелдік компаниялармен тікелей байланыс орнатуға, сатып алушылар мен жеткізушілер табуға, кооперациялық тізбектер қалыптастыруға және ұлттық жобаларды ілгерілетуге қосымша мүмкіндік береді.

Изображение

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасына 11 мемлекет – Ауғанстан, Әзербайжан, Қытай, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіреді. Моңғолия бағдарламаға 2002 жылы қосылды. 2026 жылы ЦАРЭС аясындағы ынтымақтастықтың 25 жылдығы атап өтіледі.

«Атамекен» жаңа өңірлік формат аясындағы жұмысты жалғастырып, Альянс күн тәртібіне қазақстандық бизнестің практикалық мәселелерін шығаруға, сондай-ақ ЦАРЭС елдерінің кәсіпкерлері арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.