Бірлескен жұмыс: жеке сараптама ұйымдары ТЖ органдарымен бірлесіп құрылыс нысандарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында жұмыс істейді
Жеке сараптама ұйымдары мен төтенше жағдайлар органдарының құрылыс нысандарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы бірлескен жұмысы туралы Семей қаласында өткен Сараптама ұйымдары палатасының жыл сайынғы есептік жиналысына қатысқан «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Назира Үсенова айтты.
Жиын барысында Палатаның 2025 жылғы және ағымдағы жылдың 8 айындағы қызметінің қорытындылары қаралып, 2027 жылға арналған мақсаттары мен міндеттері айқындалды. Сондай-ақ Палатаның Сараптамалық және Тәртіптік кеңестерінің жұмысы туралы ақпарат тыңдалды. Аталған кеңестердің қызметі сараптама жұмыстарының сапасына ішкі бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жиын барысында Қазақстан Республикасының қабылданған Құрылыс кодексі аясындағы заңнамалық реттеудегі, оның ішінде жеке сараптама ұйымдарының қызметіне қатысты негізгі өзгерістерге, сараптамалық қорытындылардың сапасын арттыруға және сарапшылардың кәсіби құзыреттілігін күшейтуге ерекше назар аударылды», – деді Назира Үсенова.
Ол Палатаның маңызды жетістіктерінің бірі ретінде аумақтық төтенше жағдайлар органдарымен ынтымақтастықты жолға қою және дамыту жұмыстарын атап өтті. Бұл ретте аталған органдардың құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау процесіне қатысуы ескерілді.

Жиын барысында Палата Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысты жобалық шешімдерді бағалау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды көздейді.
«Бұл бастама құрылыс саласындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды бірлесіп әзірлеу үшін сараптамалық әлеуетті біріктіруге, құрылыс жобаларын сараптау мәселелері бойынша өзара консультациялар өткізуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыру, оның ішінде жұмыс кездесулерін, семинарлар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар өткізу көзделіп отыр», – деп атап өтті Палата төрағасы Бірлік Ережепов.
Оның айтуынша, биыл Палата құрылыс нысандарын пайдалануға беру кезінде құрылыс саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарының, оның ішінде өрт қауіпсіздігі нормаларының бұзылуына қатысты өзекті мәселелерді қарауға арналған бірқатар іс-шара өткізді. Олардың қатарында прокуратура, төтенше жағдайлар органдары және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен ұйымдастырылған оқыту семинарлары бар.
Мұндай іс-шаралардың практикалық маңызы – туындайтын мәселелерді бейінді мемлекеттік органның өкілдерімен тікелей талқылауға және қауіпсіздік талаптарын қолдануға қатысты ортақ түсінік қалыптастыруға мүмкіндік беруінде. Мұндай диалог жобалық шешімдерді бағалау және нысандарды кейіннен пайдалануға қабылдау кезінде талаптарды дұрыс түсіндірмеудің алдын алуға ықпал етеді.
«Бұл мәселеде бизнес үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың түсінікті тәртібі, жауапкершілік шекарасының нақты бөлінуі және құрылыс жұмыстарының әр кезеңінде қойылатын талаптардың өзара үйлесімді болуы айрықша маңызды», – деп атап өтті Назира Үсенова.
Оның айтуынша, мұндай іс-шараларды өткізу құрылыс нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға, талаптардың бұзылуының алдын алуға және құрылыс саласына қатысушылардың өз қызметінің нәтижесіне жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Өз кезегінде «Атамекен» ҚР ҰКП жеке сараптама ұйымдарының қызметін жетілдіруге бағытталған бастамаларды ілгерілетуге және кәсіби қоғамдастық пен мемлекеттік органдар арасында тиімді диалог орнатуға қолдау көрсетуді жалғастырады.