Полиэтиленнен полимер құбырларға дейін: «Атамекен» ЭКСЖ жобалары арқылы ішкі сұранысты арттыруды ұсынды
Астанада полиэтиленнің жаңа өндірісін қолдау және «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (ЭКСЖ) аясында ішкі сұранысты арттыру арқылы полимер құбырларды қолдануды дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиынға мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың және салалық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы – сумен жабдықтау, су бұру, газбен жабдықтау және басқа да инженерлік желілерге арналған полимер құбырлар нарығын дамыту, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде отандық өнімді неғұрлым кеңінен қолдануға жағдай жасау.
«Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин атап өткендей, отандық полиэтилен өндірісін дамыту шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі бүкіл өндірістік тізбекті нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оның айтуынша, шикізат өндірісін іске қосу ішкі тұрақты сұраныс қалыптастырылмайынша, саланы дамыту мәселесін толық шеше алмайды.

«Негізгі мәселе – тұрақты әрі болжамды ішкі сұранысты қалыптастыру. ЭКСЖ-ды тек инфрақұрылымдық жоба ретінде ғана емес, өнеркәсіптік саясаттың және қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдеріне сұраныс қалыптастырудың құралы ретінде қарастырған дұрыс. Бұл инфрақұрылымды жаңғыртуға, отандық өндірісті дамытуға және Қазақстанда полиэтиленді қайта өңдеу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Аслан Қалиғазин.
Әлеуетті нарықтың ауқымы құрылыс және инфрақұрылым секторларының даму динамикасынан көрінеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы құрылыс саласының Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 6,2%-ды немесе шамамен 10,8 трлн теңгені құрады. Бұл ретте саланың нақты өсімі 17,5%-ға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 23,5 трлн теңгені құраса, оның шамамен 13,9 трлн теңгесі құрылыс-монтаж жұмыстарына бағытталған.
Сонымен бірге құрылыс секторының импортқа тәуелділігі әлі де жоғары. Дөңгелек үстел барысында ұсынылған деректерге сәйкес, 2025 жылы құрылыс материалдары мен жабдықтарының негізгі топтары бойынша сыртқы сауда сальдосы шамамен минус 4 млрд долларды құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш минус 3,5 млрд доллар болған.
Ұлттық палатаның пікірінше, инфрақұрылымға бағытталатын мемлекеттік шығыстар одан әрі ұлғайған жағдайда қалыптасатын сұраныстың басым бөлігі отандық кәсіпорындардың өнімдері есебінен қамтамасыз етілуі маңызды.
Осыған байланысты «Атамекен» бірқатар практикалық шара ұсынады. Атап айтқанда, қазақстандық өнімнің жобаларды іске асырудың бастапқы кезеңдерінен-ақ жобалау және сатып алу процестеріне қатысуын қамтамасыз ету қажет. Бұл жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өткізу кезінде отандық өнімді ескеруге мүмкіндік беруді, оның ішінде оны АГСК-3 және Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу арқылы көрсетуді көздейді.

Өнімнің сапасы мен шығу тегіне де ерекше назар аудару ұсынылады. Палата пікірінше, сұранысты арттырумен қатар сапасыз материалдарды пайдалануға жол бермеу, сондай-ақ өндірушіні және өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін ашық әрі нақты сәйкестендіру тетіктерін қамтамасыз ету маңызды.
Сонымен қатар, ел ішіндегі құндылық үлесінің ең төменгі шегін, мысалы, 60% деңгейінде белгілеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұл көрсеткішті құрылыс нысанының түріне қарай саралауға болады. Мұндай тәсіл жобаны іске асыру барысында отандық өнімді пайдалану деңгейін нақты өлшенетін көрсеткішке айналдыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Атамекен» мердігерлер үшін экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсынды. Ықтимал механизмдердің бірі ретінде мемлекеттік сатып алулар кезінде ел ішіндегі құндылық үлесі жоғары өнімді пайдаланғаны үшін шартты жеңілдік беру қарастырылуда. Ұсынысқа сәйкес, 60% шегіне қол жеткізілген жағдайда ел ішіндегі құндылықтың әрбір 10 пайыздық тармағы үшін 0,25% мөлшерінде жеңілдік беру, бірақ жалпы жеңілдікті 1%-дан асырмау көзделеді.
Бұдан бөлек, құрылыс материалдары мен жабдықтарын сатып алу процесін неғұрлым ашық цифрлық форматқа көшіру ұсынылды. Электрондық сауда алаңдарын пайдалану құрылыс жұмыстарының құнын ғана емес, сатып алынған өнімнің номенклатурасын, өндірушісін және шығу тегін де бақылауға мүмкіндік береді.
«Атамекенде» атап өткендей, ұсынылып отырған шаралар «полиэтилен – құбыр өндірісі – құрылыс – инфрақұрылымдық жобалар» атты толыққанды тізбекті қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте мемлекеттік инвестициялардың өсуі отандық өнеркәсіпті дамытуға және қосылған құнның ел ішінде қалыптасу үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта барлық ұсыныстарды «Атамекен» мен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бірлесіп пысықтап жатыр.